Грузияда балалардың электросамокат тебу тәртібі өзгеруі мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — Грузияда кәмелетке толмағандардың электросамокат пайдалануын құқықтық тұрғыдан реттеу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігі Georgia Today басылымына сілтеме жасап.
Басылымның мәліметінше, бұл шара Грузия үкіметінің Парламенттің 2026 жылғы күзгі сессиясына арналған қысқа мерзімді заң шығару жоспарына енгізілген.
Билік екі дөңгелекті электросамокаттарды пайдалануға байланысты қауіп-қатерді азайтуға, жол қозғалысына қатысушыларды қорғауға және жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған заң жобасын әзірлеп, Парламентке ұсынуды жоспарлап отыр.
Бұл мәселе Грузияның 2026–2030 жылдарға арналған жол қауіпсіздігі жөніндегі ұлттық стратегиясы мен 2026–2027 жылдарға арналған іс-қимыл жоспарына да енгізілген.
Аталған құжаттарға сәйкес, үкімет мотоциклдер, мопедтер мен электросамокаттарды қауіпсіз пайдалануды реттейтін қолданыстағы заңнаманы қайта қарауды көздеп отыр.
Сонымен қатар басылымда кәмелетке толмағандарға қатысты нақты қандай шектеулер енгізілетіні әзірге айтылмаған.
Бұған дейін Қазақстанда 25 тамыздан бастап электросамокаттардың тротуармен жүруіне тыйым салынатыны хабарланды.
Сондай-ақ Алматыда түнгі уақытта самокат айдаған ер адам одан құлап қаза тапқаны белгілі болды.