Грузияда экс-президент Саакашвилидің партиясына тыйым салу мәселесі қаралады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазан айында Грузияның Конституциялық сотына «Біртұтас ұлттық қозғалыстың» қызметін Конституцияға қайшы деп тану жөнінде талап-арыз жолданады, деп хабарлайды Kazinform.

Премьер-министр Ираклий Кобахидзе бұл қадам елдегі тұрақтылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған демократиялық әрі заңды процесс екенін атап өтті.
«Қазанда Конституциялық сотқа «Ұлттық қозғалыс» деп аталатын барлық партияның қызметін Конституцияға қайшы деп тану туралы талап-арыз беріледі. Бұл – демократиялық процесс және бұл талап-арыз сотқа міндетті түрде жолданады», – деді ол.
Бастаманы парламенттегі көпшілік пен «Грузин арманы» партиясы қолдап отыр. Уақытша тергеу комиссиясының төрайымы Теа Цулукиани комиссия жұмысының қорытындылары партияның саяси қызметін шектеуге құқықтық негіз болғанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл партияның әрекеттері Грузияның конституциялық құрылымы мен ұлттық қауіпсіздігіне қайшы келеді.
Грузия билігі мұндай қадам елдің егемендігін қорғау, ішкі қауіпсіздікке төнген қатерлерді жою және демократиялық институттарды нығайту үшін қажет екенін алға тартуда. «Грузин арманы» мен парламенттік көпшілік бұл шешімді қоғамдық тәртіп пен елдің тұрақты дамуын сақтап қалу үшін қажетті шара ретінде бағалайды.
Жақын күндері Конституциялық сотқа түскен талап-арыз қарала бастайды деп күтілуде. Билік өкілдері азаматтарды сабыр сақтап, қабылданып жатқан шаралардың мемлекет пен қоғам мүддесін қорғауға ғана бағытталғанына сенімді болуға шақырды.
Бұған дейін Грузия билігі 4 қазанда өтетін муниципалдық сайлауларға қатысатын партияларды тіркеуді аяқтаған болатын.