Грузияда ең биік зәулім ғимараттың жобасы таныстырылды
АСТАНА. KAZINFORM — Грузия астанасы Тбилисиде Trump Tower Tbilisi жобасының ресми таныстырылымы өтті. Жоба жүзеге асқан жағдайда, бұл Грузиядағы ең биік ғимарат әрі ең ірі девелоперлік жобалардың біріне айналады. Бұл туралы Грузияның «Грузия Online» басылымы хабарлады.
Trump Tower Tbilisi жобасының құрылысы сәуір айында жарияланды. Биіктігі 280 метрге жететін мұнара алты биік ғимараттан тұратын The Downtown Tbilisi кешенінің орталық бөлігіне айналады.
Кешеннің жалпы аумағы шамамен 600 мың шаршы метр. Оның 100 мың шаршы метрдей бөлігі Trump Tower-ға тиесілі болады. Жобаға салынатын инвестиция көлемі шамамен 2 миллиард долларға бағаланып отыр.
— Биіктігі 280 метр болатын 62 қабатты мұнара — Тбилиси үшін батыл қадам. Жоба қаланың әлемдегі жетекші урбанистік орталықтардың қатарындағы тартымдылығын арттыра түседі. Грузия Еуропа мен Азияны байланыстыратын табиғи көпір рөлін атқарып келеді, — деді Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзе жоба таныстырылымында.
Премьер-министрдің айтуынша, Trump Tower Tbilisi жобасын 2031 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Ал алты мұнарадан тұратын Downtown Tbilisi кешенінің құрылысын 2033 жылы аяқтау көзделген.
The Downtown Tbilisi кешенінің құрамына тұрғын үй мұнаралары, люкс санатындағы қонақүй, кеңсе және сауда орындары, жоғары санатты мейрамханалар, ойын-сауық нысандары және премиум санаттағы бизнес-орталық кіреді.
Жобаны іске асыру үшін халықаралық құрылыс мердігерін тарту жоспарланып жатыр. Себебі Грузияның құрылыс нарығында әзірге мұндай ауқымдағы нысандарды салу бойынша тәжірибе қалыптаспаған.
Девелоперлер жобаның негізгі сатып алушылары ретінде Грузияда тұрақты тұрмайтын шетелдік инвесторларды қарастырып отыр.
Олардың қатарында дипломаттар, бизнесмендер және Грузияда жұмыс істейтін компаниялардың иелері бар. Қазіргі таңда жобаға Дубай мен Израильдегі әлеуетті инвесторлар тарапынан айтарлықтай қызығушылық байқалып отыр.
Бұған дейін Тбилисиде әйгілі «Фуксас құбырларын» бөлшектеу жұмыстары басталғаны хабарланған болатын.
Ақзат Жиеналина