Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Грузияда есірткі қылмысына қатысы бар 120-дан астам адам ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM — Грузия Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері ел аумағында жүргізілген арнайы операция барысында есірткі қылмыстарына қатысы бар деген күдікпен 121 адамды ұстады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің өңірдегі меншікті тілшісі.

Грузияда есірткі қылмысына қатысы бар 120-дан астам адам ұсталды
Фото: Грузия жаңалықтары

Ведомствоның мәліметінше, ұсталғандардың 59-ы есірткі тарату желілерінің қызметіне қатысы бар. Олардың арасында Грузия азаматтарымен қатар шетелдіктер де бар.

Сот санкциялары негізінде полиция есірткі заттарын бақылаумен сатып алу шараларын жүргізген. Бұл операциялар аудио және бейнежазбаға тіркелген. Сонымен қатар құқық қорғау органдары бақыланатын пошта жөнелтілімдерін пайдалана отырып арнайы операциялар өткізіп, аса ірі көлемдегі есірткі партияларын тәркілеген.

Тінту барысында күдіктілердің тұрғылықты жерлерінен, автокөліктерінен және өзге де нысандардан сатуға дайындалған аса ірі көлемдегі есірткі және психотроптық заттар табылып, тәркіленді. Олардың қатарында метадон, альфа-PVP, кокаин, кетамин, бупренорфин, марихуана, қарасора өсімдіктері және басқа да есірткі түрлері бар.

Сондай-ақ қаптама материалдары, электронды таразылар және есірткі саудасынан түскен болуы мүмкін ақша қаражаты тәркіленді.

Тергеу Грузия Қылмыстық кодексінің есірткіні заңсыз сатып алу, сақтау және өткізумен байланысты бірнеше бабы бойынша жүргізіліп жатыр. Бұл баптар бойынша ең жоғары жаза 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру түрінде қарастырылған.

Министрліктің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы алты айында есірткі қылмыстары бойынша 5 мыңға жуық адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 85%-ға көп.

Ведомство құқық қорғау органдары заңсыз есірткі айналымына қатысы бар барлық тұлғаларға қатысты заңда көзделген ең қатаң шараларды қолдануды жалғастыратынын мәлімдеді. 

Айта кетелік Тәжікстан–Ауғанстан шекарасында 1,5 тоннадан астам есірткі тәркіленген еді.