Грузиядағы ереуіл — саяси тағдырды шешу еркі немесе еуроинтеграцияның құны
АСТАНА. KAZINFORM – Грузияның бірнеше қаласында төртінші күн қатарынан үкіметтің Еуропа Одағына мүшелікке кіру жөніндегі келіссөздерді 2028 жылға дейін тоқтату шешіміне байланысты наразылық басылар емес. Толқудың алғашқы күндерінен бастап ахуал қалай өрілді және тарихи тәжірибені ескере отырып, бұл қандай салдарға әкелуі мүмкін, агенттіктің арнайы тілшісінің мақаласынан оқыңыз.

Еуроинтеграциядан бас тарту
Грузиядағы соңғы жаппай наразылықтың себебі – 28 қарашада Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзенің 2028 жылға дейін Еуропа одағымен мүшелік мәселесін талқылауды тоқтату туралы мәлімдемесі болды.

— Бүгін біз Еуропа одағымен келіссөздер бастау мәселесін 2028 жылдың соңына дейін кейінге қалдыруды шештік. Сонымен қатар, 2028 жылдың соңына дейін Еуропа одағынан кез келген бюджет гранттарынан бас тартамыз. 2028 жылдың соңында Грузия экономикалық тұрғыдан Еуропалық Одаққа 2030 жылы кіруге дайын болатындай жағдайға келуі керек, — деді Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзе «Грузинская Мечта» партиясының кеңсесінде өткен брифингте.
Кобахидзе еуропалық саясаткерлерді Грузияны бопсалау үшін бөлінген гранттар мен несиелерді пайдаланды деп айыптады.
— Шамамен 2 жыл бойы кандидаттық мәртебе тақырыбы Грузияда радикализм мен поляризацияны қоздырудың басты құралы ретінде пайдаланылды, бұл Грузияға деген теріс көзқарасты тағы да айғақтайды, — деді ел премьер-министрі.
Жаппай наразылықтың басталуы
Премьер-министрдің мәлімдемесінен кейін 28 қараша күні кешке мыңдаған адам Грузия парламенті ғимаратының алдына жинала бастады. Ереуілшілер Руставели даңғылын жапты, кейін парламенттің қызметтік кіреберістері орналасқан басқа да жақын көшелерді иемденді.
Грузия Ішкі істер министрлігі жиналған халыққа бірнеше рет қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндірмеуді сұрап, тарауды сұраған. Алайда түнде жағдай шиеленісіп, демонстранттар мен полиция арасында қақтығыстар басталды.

ІІМ мәліметі бойынша, демонстранттар полицияға шыны шөлмектер, тастар, металл заттар мен пиротехника лақтырған, инфрақұрылымға, жол жамылғысына, бейнебақылау камераларына зиян келтірген. Оған қоса, бірнеше заттар өртеліп, баррикадалар тұрғызылған, Тбилиси қаласының мэриясы мен жеке тұлғалардың мүлкіне зақым келген.
Наразылыққа жауап ретінде Грузия парламенті қауіпсіздіктің қызыл деңгейін жариялады. Құқық қорғаушылар арнайы құралдарды қолданатынын ескертіп, бұл митинг «жиналыстар мен митингтер туралы заңды бұзды» деп мәлімдеді. Олар Тбилисиде, Руставели даңғылында жиналған наразылыққа қатысушыларға қарсы су атып, көзден жас ағызатын газ қолданған.
— Кез келген заң бұзу әрекеті дереу полиция тарапынан тоқтатылып, тиісті құқықтық шаралар қолданылатын болады, — деп хабарлады полиция.
Фейерверктер мен өрт қою
Төртінші түні арнайы жасақ Тбилисидегі ондаған мың наразы халықты таратуын жалғастырып жатыр, олардың саны күннен-күнге артып келеді. Мыңдаған адам қатысқан ереуілдер Грузияның басқа да қалаларына — Батуми, Кутаиси, Гори және Зугдидиға таралды.
Полиция Тбилисидің орталығындағы Руставели даңғылын демонстранттардан босатты. Олар полицияны, арнайы жасақты және парламент ғимаратын тас және басқа да заттармен атқылап, пиротехника қолданып, баррикадалар құрып, от жаққан.

Әрі қарай, шерушілер Руставели метростанциясынан өтіп, Меликишвили даңғылына және әрі қарай Чавчавадзе даңғылы арқылы Ваке саябағына қарай жылжыған.
Ал полицияның алдыңғы түндерге қарағанда наразыларға қарсы су атқыштар мен көзден жас ағызатын газды көбірек қолдана бастағаны хабарланды.
— 1–2 желтоқсан күндері акция қатысушыларының зорлық-зомбылығынан Ішкі істер министрлігінің 21 қызметкері жарақат алды. Құқық қорғаушылар әртүрлі дене жарақаттарын алып, оларға тиісті медициналық көмек көрсетілуде, — деп мәлімделді өткен түнде таратылған хабарламада.
Жалпы төрт күнде 113 құқық қорғаушының жарақат алғаны, олардың төртеуі қазіргі уақытта ауруханада жатқаны атап өтілді.
Ереуілшілердің ұсталуы
Грузиядағы жаңа ереуіл толқыны басталған 4 күнде құқық қорғайтын үкіметтік емес ұйымдар 250-ден астам адамның қамауға алынғаны туралы ақпарат алды. Тек 2 желтоқсанға қараған түні 50-ден астам адам ұсталған.
Оларға ұсақ бұзақылық, полицияға қарсылық көрсету және бағынбау айыптары тағылған.
Тбилиси қалалық соты 74 адамға қатысты әкімшілік істерді қарап, олардың 36-сына айыппұл салып, тағы 34 адамды қамауға алу туралы шешім шығарды.

— Ұсталғандардың арасында кәмелетке толмағандар, әйелдер, журналистер, мәдениет өкілдері және азаматтық қоғам мүшелері бар. Ұсталғандардың көпшілігі полиция тарапынан қатыгездік пен психологиялық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын айтып отыр, — делінген Грузияның жетекші үкіметтік емес ұйымдарының бірлескен мәлімдемесінде.
Еуропаның реакциясы
Еуропарламент депутаттары Еуроодақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кайе Калласты Грузия үкіметінің мүшелеріне импичмент жариялауға шақырды.
Депутаттар хатында сайлаудағы заңбұзушылықтар, ықтимал фальсификациялар және азаматтық наразылықты басу әрекеттері туралы айтылған.
— Біз бейбіт ереуілшілерге қатысты зорлық-зомбылықты айыптаймыз. Биліктің әрекеті халықтың еркіне қайшы келеді. Еуропалық одақ грузин халқын қолдайды, — деп мәлімдеді Еуропалық кеңес президенті Антонио Коста.
Еуропа кеңесінің Парламенттік ассамблеясы да Грузиядағы бейбіт ереуілді басуды айыптады. Ассамблея елді еуропалық құндылықтарға адал болып, Еуропа кеңесіне мүше мемлекет ретінде өз міндеттемелері мен жауапкершіліктерін толық орындауға шақырды.
Балтық жағасындағы Литва, Латвия және Эстония Грузиядағы заңды ереуілді басқандарға қарсы бірлескен санкциялар енгізу туралы келісімге келді. Бұл туралы X желісінде Литва сыртқы істер министрі Габриэлюс Ландсбергис пен Латвия сыртқы істер министрі Байба Браже хабарлады.
— Біздің елдер демократия мен адам құқықтарын бұзушыларды құп көрмейді, — деді министрлер.
Мұндай протесттер Грузияда бұрын да болған. Кейбір жаппай наразылықтар биліктің ауысуына да әкеп соққан.1991 жылы Тбилисиде Грузия президенті Звиад Гамсахурдияның отставкасын талап еткен митингтер басталды. Сол кездегі себеп – президент пен ұлттық гвардия арасындағы қақтығыс еді.
Екі апта бойы Тбилиси орталығында болған қанды қақтығыстардан кейін, 1991 жылдың 6 қаңтарында президент Гамсахурдия жақын серіктерімен бірге Грузиядан кетіп, Армения арқылы Шешенстанға қоныс аударды.
2003 жылы ел тағы бір дағдарысқа тап болды. Бұл жолғы триггер – парламенттік сайлаудың нәтижелері еді. Грузияның Орталық сайлау комиссиясы бюллетендердің 50%-ын санағаннан кейін «Жаңа Грузия үшін» президент блогы көш бастап тұрғанын жариялады.
Елде парламенттік сайлаудың нәтижесін қайта қарауды және президент Эдуард Шеварднадзенің отставкасын талап еткен жаппай наразылық акциялары тұтанды. Михаил Саакашвили мен Нино Бурджанадзенің шақыруымен Батыс Грузиядан мыңдаған адам, билікке наразы азаматтар, автобустармен және жеңіл көліктермен колонна құрып, Тбилисиге қарай бет алды.

22 қарашада Саакашвили мен оның жақтастары Грузия парламентіне басып кірді. Президент Эдуард Шеварднадзе мен парламент мүшелері ғимаратты тастап шығуға мәжбүр болды.
Ұзаққа созылған жаппай наразылық акцияларынан кейін президент Эдуард Шеварднадзе оппозицияның қысымына төтеп бере алмай, отставкаға кетуге келісті. Осылайша посткеңестік кеңістікте «түрлі-түсті революция» жүзеге асты.
Қазіргі протесттер де биліктегі алауыздықпен бірге күшейе түсуде, себебі қазіргі Грузия президенті Саломе Зурабишвили бұған дейін парламенттік сайлау нәтижелерін мойындамай, наразылық білдірушілер қатарына қосылды.