Грузиядағы шерулер: 100-ден аса адам қамауға алынып, 10 полицей жарақат алды
ТБИЛИСИ. KAZINFORM – Грузия астанасы Тбилисидің орталығындағы парламент ғимараты алдындағы шеру кезінде полиция 107 адамды тұтқындады. Бұл туралы Грузия Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қақтығыс кезінде он полиция қызметкері жараланды. Олардың бірі күйік жарақатымен ауруханаға жеткізілген.
– Түні бойы наразылық білдірушілер полиция қызметкерлеріне қоқаң-лоқы және физикалық күш көрсетті. Руставели даңғылында тәртіп сақшыларына тастар, пиротехникалық заттар, шыны ыдыстар мен темір заттар лақтырылды, – делінген хабарламада.
Министрліктің хабарлауынша, шерушілер қаланың инфрақұрылымына зақым келтірген, атап айтқанда, тосқауылдар қойған, парламенттің есіктері мен бақылау камераларын зақымдап, бірнеше рет өрт шыққан. Салдарынан полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына мойынсұнбағаны көптеген шерушілер қамауға алынды.
– Полиция тәртіп орнату үшін арнайы құралдарды пайдаланды, – делінген хабарламада.
«Rustavi2» және «NewsGeorgia» басылымдарының хабарлауынша, Тбилиси полициясы көзден жас ағызатын газ, су атқыштар мен дубинкаларды қолдануда. Кейбір шерушілер арнайы техниканың қозғалысын тоқтату үшін жерге жатып алуда. Грузия президенті Саломе Зурабишвили полициядан шерушілерге күш қолданбауды өтінді.
Тбилисиден басқа Гори, Телави, Лагодехи, Кутаиси, Зугдиди және Батуми сияқты бірнеше қалада шерулер жалғасуда.
Айта кетейік, бұған дейін Тбилисиде полиция наразылық білдірушілерді су шашып таратпақ болғанын жазған едік.