Gucci «Формула-1»-дегі Alpine командасының титулдық серіктесі атанды
АСТАНА. KAZINFORM – Gucci сән үйі «Формула-1» чемпионатындағы Alpine командасының жаңа титулдық серіктесі болады. Ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың басталғанын француз командасы ресми түрде жариялады, деп хабарлайды RacingNews365 басылымы.
Басылымының мәліметіне сүйенсек, серіктестік 2027 жылғы маусымнан бастап күшіне енеді. Осыдан кейін команда «Gucci Racing Alpine Formula One Team» деген жаңа атаумен жарысқа қатысады.
Осылайша Alpine командасының BWT компаниясымен бес жылға созылған серіктестігі аяқталады. Бұған дейін BWT команданың титулдық серіктесі болған.
Alpine өкілдерінің айтуынша, «Gucci Racing» жобасы тек спорттық серіктестік қана емес, сонымен қатар автоспортты, сән индустриясын және ойын-сауық саласын біріктіретін жаңа жаһандық платформаға айналады.
Gucci компаниясының келуімен Alpine командасының фирмалық стилі мен болидтер дизайны айтарлықтай өзгеруі мүмкін. Соңғы жылдары команда BWT брендімен байланысты қызғылт түсті кеңінен қолданған болса, 2027 жылдан бастап безендіру тұжырымдамасы қайта қаралады.
Alpine командасының атқарушы кеңесшісі Флавио Бриаторе Gucci компаниясымен арадағы бұл ынтымақтастықты команда үшін маңызды кезең деп атады.
– Alpine командасы әрдайым «Формула-1»-де өзгелерден ерекшеленуге және бәрінен бөлек жол таңдауға ұмтылып келеді. Gucci компаниясымен серіктестік біздің командаға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын және трассадағы жетістіктерімізді көрсетеді, – деді Флавио Бриаторе.
Сондай-ақ Alpine биылғы «Формула-1» маусымын сәтті бастағанын мәлімдеді. Чемпионаттың алғашқы кезеңдерінде команда өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда көбірек ұпай жинаған.
Gucci мен Alpine арасындағы келісім соңғы жылдардағы «Формула-1»-дегі ең ауқымды маркетингтік жобалардың бірі саналады. Сарапшылардың пікірінше, чемпионаттың жаһандық танымалдығының артуына байланысты әлемдік люкс брендтердің автоспортқа қызығушылығы да күшейіп келеді.
Бұған дейін Ferrari компаниясының жаңа электр көлігінің тұсаукесері инвесторлар мен автокөлік әуесқойлары арасында түрлі пікір туғызған еді. Таныстырылымнан кейін Ferrari акцияларының Милан мен Нью-Йорк қор биржаларында күрт төмендеп кетті.