Гүлмарал Еркебаева Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстан астанасы Бішкекте өтіп жатқан күрестен Азия чемпионатында Қазақстан әйелдер командасының қоржынына қола жүлде түсті, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Гүлмарал Еркебаева
Фото: Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі

Аса ауыр салмақтағы (+76 кг) Гүлмарал Еркебаева кіші финалда Оңтүстік Корея палуаны Хван Ын Джудан мықты екенін дәлелдеді.

Бүгін кешкі сессияда тағы екі Ұлттық құрама спортшысы қола жүлдеге таласты. Алайда Марал Тәңірберген (-50 кг) мен Елена Шалыгина (-68 кг) қарсыласына есе жіберді.

Гүлмарал Еркебаева - Азия чемпионатының қола жүлдегері
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Еске салсақ, кеше грек-рим күресі шеберлері Азия чемпионатын 1 алтын, 3 қоламен аяқтағаны белгілі болды.

Бұдан бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев боксшы Дина Исламбекова мен Надежда Рябецті Азия чемпионатындағы айтулы жеңісімен құттықтағанын жазғанбыз.