Гутерриш: Біз адамзат пен машиналар арасында қатар өмір сүру ережесін белгілей алатын соңғы ұрпақпыз

АСТАНА.KAZINFORM - Бүгін Швейцарияның Женева қаласында жасанды интеллектіні басқару бойынша (Global Dialogue on AI Governance) БҰҰ-ның алғашқы жаһандық диалогы ашылды.

БҰҰ Бас хатшысы
Фото: media.az

БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен құрылған іс-шара үкіметтердің, бизнестің, академиялық ортаның және азаматтық қоғам өкілдерін ХХІ ғасырдың ең ықпалды технологияларының бірін реттеуге үйлестірілген тәсілдерді әзірлеу үшін біріктірді.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш ашылу салтанатына қатысып, талқылаудың негізгі бағытын белгіледі.

- Біз адамзат пен машиналар арасында қатар өмір сүру ережесін белгілей алатын соңғы ұрпақпыз, - деді БҰҰ Бас хатшысы өз сөзінде.

Ол жасанды интеллекттің үдемелі қауіптері туралы ескертіп, оны реттеу үшін шұғыл жаһандық шаралар қабылдауға шақырды.

Жасанды интеллект адамзат ілесе алмас жылдамдықпен дамып келеді. Біздің қоғам жоспарсыз және келісімсіз тәжірибеден өткізіліп жатыр. Бұл тұрақсыз. Және қабылдауға келмейді.

Ендігі мәселе жасанды интеллект біздің әлемімізді өзгерте ме, жоқ па, мәселе онда емес - ол қазірдің өзінде өзгеріп жатыр. Мәселе біз бұл трансформацияны бірге басқарамыз ба, әлде оған бізді басқаруға мүмкіндік береміз бе деген сұрақта.

Диалогтың ашылуы белгілі ғалым Йошуа Бенжио мен Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты Мария Ресса төрағалық еткен жасанды интеллект бойынша тәуелсіз халықаралық ғылыми панельдің алғашқы есебінің тұсаукесерімен тұспа-тұс келді. Құжатта технологиялық даму реттеуші механизмдерден айтарлықтай асып түсетіні аталып өткен.

Цифрлық күн тәртібі мен ұлттық жасанды интеллект стратегияларын белсенді түрде дамытып жатқан Қазақстан үшін бұл диалогқа қатысу ерекше маңызды.

Сондықтан, саммитке Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары және жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Ж.Мәдиева бастаған еліміздің өкілдік делегациясы қатысып жатыр.

Женевадағы іс-шара (6-7 шілде) ақпараттық қоғам жөніндегі дүниежүзілік форуммен (WSIS) бір мезгілде және жасанды интеллект үшін жаһандық саммиттің (7-10 шілде) алдында өтіп, Швейцария қаласын жасанды интеллект бойынша халықаралық пікірталастар орталығына айналдырады.

Жексенбі күні таңертең Ж. Мәдиева Халықаралық телекоммуникация одағының бас хатшысы Дорин Богдан Мартинмен кездесті.