07:45, 01 Маусым 2010 | GMT +5
Гватемалада тасқын судың салдарынан опат болғандардың саны 90 адамнан асты
АСТАНА. Маусымның 1-і. ҚазАқпарат - Гватемалада табиғаттың тосын мінезінің салдарынан құрбан болғандардың саны 90 адамнан асты, «Агата» тропикалық дауылының нәтижесінде тағы 80 адам із-түзсіз жоғалып кетіп отыр. Бұл туралы мәлім еткен Гватемала үкіметі, елдің түрлі аудандарынан қаза болғандар туралы мәліметтердің әлі де түсіп жатқанын хабарлауда.
Апат болған аудандарда жұмыс істеп жатқан құтқарушылар бригадалары мен жергілікті билік өкілдері апаттың жаңа құрбандары туралы хабарлап отыр. Олар тасқын судың екпінінен қираған үйлердің үйінділерінің астынан мәйіттер тауып жатыр. Үкімет өкілдерінің хабарлауынша, Гватемалада ең қауіпті деген аудандардан қазірдің өзінде 112 мыңнан астам адам басқа жаққа көшірілді. Тасқын су көптеген тұрғын үйлер мен көпірлерді шайып кетіп отыр, күре жолдарға да біраз зиян келген, ауыл шаруашылығы қатты зардап шекті.
Материалдық шығынның мөлшері әзірге нақтыланған жоқ. Қазіргі таңдағы басты міндет - адамдарды құтқару.