HackAlem AI: Қазақстан әлемдік рекордты жаңартуды көздеп отыр

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Астанада HackAlem AI халықаралық хакатоны басталды. Ұйымдастырушылар әлемдегі ең ірі жасанды интеллект агенттерін әзірлеу хакатонын өткізіп, Гиннестің рекордын жаңартуды көздеп отыр. 

Мадиев
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Бұл туралы HackAlem AI халықаралық хакатонының ашылуында Премьер-министрдің орынбасары — Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев айтты.

Оның сөзінше, бұған дейін осыған ұқсас хакатондағы әлемдік рекорд Үндістанда тіркелген. Оған 2 089 адам қатысқан.

— Бүгінгі мақсатымыз — осы көрсеткіштен асып, жасанды интеллект агенттерін әзірлеу бойынша әлемдегі ең ауқымды хакатонды өткізу және Гиннестің рекордтар кітабына ену. Бүгін хакатонға 2500-ден астам адам қатысып отыр, — деді Жаслан Мадиев ашылуында.

Хакатонға Guinness World Records ресми төрешісі Гленн Поллард та қатысып отыр.

Қатысушыларға бес сағат ішінде экономиканың он бағытының бірі бойынша жұмыс істейтін жасанды интеллект агентін әзірлеу міндеті қойылған.

Министрдің айтуынша, OpenAI-мен серіктестік қатысушыларға озық модельдер мен Codex-ті пайдалануға мүмкіндік береді. Ал технологиялық ресурстар мен жүлделердің жалпы көлемі 1,1 миллион доллар.

Хакатон финалистері өз шешімдерін 29 қыркүйекте Demo Day аясында таныстырады. Ал жеңімпаздар 1 қазанда AI & Digital Bridge 2026 алаңында марапатталады.

Бұған дейін 23 қыркүйекте Астанада Қазақстан мен өзге елдерден мыңдаған әзірлеушінің, студенттің, жас маман мен IT-энтузиастың басын қосатын әлемдегі ең ірі AI-хакатондардың бірі — HackAlem AI өтетіні хабарланды.