Хакерлер ірі компанияның шотынан 300 млн теңге ұрлады - Санжар Әділов
«Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесе несиелеу, банк қызметі әрі мобильдік ақша аудару саласындағы алаяқтыққа тосқауыл қою бойынша тиісті шаралар қабылданып жатыр. Қазіргі кезде Тергеу департаменті ірі акционерлік қоғамның шоттарынан 300 млн теңгеден астам қаражатты жымқырған топқа қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Қаражатты жымқыру күдігіне үш адам ілікті, олар қамауға алынды», - деді ол онлайн режимдегі брифингіде.
Белгілі болғандай, Алматы қаласының тұрғындары ресейлік хакермен бірге акционерлік қоғамның интернет-ресурсында жалған 14 аккаунт құрған. Осы арқылы ақпараттық төлем жүйесіне кірген.
«Осыдан кейін қосарланған транзакциялар құрып, заңсыз түрде қаражатты еліміздегі және Ресейдегі екінші деңгейлі банктердің төлем карталарына аударып отырған. Сонымен қатар қаражат қазақстандық байланыс операторларының абонет нөмірлеріне аударылған», - деді С. Әділов.
Күдіктілер қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып, төлем картасын іздеумен, SIM карталар сатып алумен, ұрланған ақшаны биткоинға айырбастаумен және оны криптоәмиянға аударумен айналысқан.
Қазіргі кезде тергеу амалдары жалғасып жатыр, сондай-ақ Ресейдің құқық қорғау органдарымен бірлесе барлық күдіктілерді ұстау жұмыстары атқарылып отыр.
Оның айтуынша, алаяқтықтың үлесі қылмыстардың арасында 27 пайызға жетіп отыр. Жалпы қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 20 пайызға төмендегеніне қарамастан, алаяқтық қылмыс деңгейі өскен. Осы орайда интернет алаяқтық фактілері көбейгені байқалды.
«Бұл қылмыспен күрестің тиімділікті арттыру үшін ішкі істер органдары жедел-профилактикалық іс-шараларды тұрақты өткізеді. Полицияның өңірлік департаменттерінде интернет алаяқты анықтау бойынша мамандандырылған тергеу топтары құрылды. Қазіргі кезде олар аталған қылмыстарды ашуға қатысты өз үлесін қосып келеді», - деді ол.
С. Әділов аталған саладағы құқық бұзушылықтарға тосқауыл қою мақсатында Ішкі істер министрлігінің бағдарламасы бекітілгенін айтты.