23:03, 18 Қазан 2013 | GMT +5
Халал дәрі-дәрмектің халықаралық құрылтайы өтеді
АСТАНА. 18 қазан. ҚазАқпарат - Қараша айының 11-і мен 13-і аралығында Куала-Лумпурде тұңғыш рет халал дәрі-дәрмекке қатысты халықаралық жиын өтеді. Маңызды жиынға халал дәрі-дәрмек өндіретін алдыңғы қатарлы компаниялар мен тұтынушылар, сондай-ақ, осы саланың өсіп-өркендеуіне мүдделі құзырлы органдардың өкілдері қатысады.

Бұл шараға Малайзияның Стандарттау және Ислами даму департаменттері (JAKIM) мұрындық болды.
Muslim.kz сайтының жазуынша, халал индустриясында жұмыс істейтін 20-дан аса шариғат кеңесі тәжірибе алмасып, нарықтағы мүмкіндіктерін, халал дәрі-дәрмек саласының келешегін талдайды.
Осы шараның аясында халал дәрі-дәрмек өндіретін кәсіпорындардың халал сертификатына қатысты алғаш рет семинары өтеді. Аталмыш шараға JAKIM мен халал саласын дамыту корпорациясы (HDC) ұйытқы болады. Сондай-ақ, өнімдері әлемде тұңғыш рет MS2424:2012 халал стандартына ие болған малайзиялық Chemical Company of Malaysia Bhd химия компаниясының семинары өтеді.