«Халал» деп халықты алдайтындармен діни басқарма күреспек

Керісінше болып шықса, денсаулығыңызға дерт жамауы да ғажап емес. Ұлтымыздың асқа айрықша мән беруі де сондықтан. Бүгінгі күні бұл «азық-түлік қауіпсіздігі» деген ат беріліп, айдар тағылып, қоғамның өзекті мәселесіне айналып отыр. Дініміз де исі мұсылманды халал тағамдарды ғана тұтынуға шақыратыны белгілі.
Жалпы, халал ислам дініне ғана тән ұғым екенін жақсы білеміз және мұны дін өкілдері де айтып жүр. Оның ауқымы да кең. Тікелей қазақшаға аударғанда «тыйым салынбаған», «мақұлданған», «рұқсат етілген» деген мағынаны білдірсе керек. Бір сөзбен айтқанда, шариғат бойынша жасауға рұқсат етілетін дүниелер. Халал ұғымының ауқымы кең деп жатқанымыз, ол мұсылманның тұтынатын тағамын, ішіп-жейтін ас-ауқатын да айналып өтпейді. Бұл термин 1,5 миллиард халқы бар 57 мемлекет мүше болып табылатын Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының стандарттарында арнайы бекітілген және оған қатысты жарғысын Қазақстан да 2011 жылы ратификациялаған.
Демек, ел тұтынатын кез-келген халал өнім өндіру немесе тамақ өндірісі аталмыш стандартқа сай болуы керек. Ол аз десеңіз, мемлекетіміздің «Діни қызмет және діни ұйымдар туралы» заңымен реттелуі, қала берді, осы ұғымның қайнар көзі болып табылатын шариғат талабына сай келуі тиіс. Бірақ, халал атын жамылып өнім өндіретіннің бәрі сөз етіп отырған үш жақты талапты да қаперінде ұстап, соның үдесінен шығып отыр дей алмаймыз. Шыны керек, бастапқыда халал деген жазуды тұтынатын тағамдардан ғана кездестіретінбіз. Тіпті, тек шұжыққа қатысты дүние секілді көрінгені рас. Сыртында сол сөз жазулы тұрса болды, көпшілік ала беретін халге де жеткен-ді. Әрине, дүкенде немесе базарда кім оның құрамын тергеп, тексеріп жатсын. Кейіннен халал асханалар мен дәмханаларды да қала көшелерінен ұшырата бастадық. Ақыр аяғы қонақ үйлер де осы атауды өзіне жапсыруды әдетке айналдырды. Соңғы кездері халал-адвокаттар пайда болғанын да ести бастадық. Осылайша, халал ұғымы ойыншыққа, сөзі сәнге айналып кеткенін байқамай да қалдық.
Алайда, мәселе Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының назарынан тыс қалмапты. Әрине, бұл бұған дейін де көтерілген дүние және негізінен халал өнім өндірушілер діни басқарманың пәтуасы, рұқсаты бойынша әрекет етуі тиіс. Басқарма өздеріне тиесілі осы міндетті мықтап қоға алмақ ниеттері барын байқатты. Ол туралы таяуда Алматыда өткен «Халалмен қанаттан» атты ғылыми конференцияда айтылды. Жиынға келгендер тауарын халыққа өткізу үшін халал сөзінің қадірін кетіріп жүргендерді сынады. Оған шектеу қоятын, қатаң қадағалауға алатын кез жеткенін сөз етісті. Басқосуда айтылғандар жай бос сөз емес, арнайы зерттеумен дәлелденген дәйектер бар. Мәселен, Қазақстан-Жапон инновациялық орталығы зерттеу жүргізген. Нәтижесі көңіл көншітерлік емес, керісінше күдігімізді растай түсетін көрсеткіш. «Біз «Халал» маркасы бар 293 өнімді тексердік. Арасында доңыз еті табылғандары болды. Тексерген өнімдеріміздің тек 14-і халал талабына сай келді», - дейді аталмыш орталықтың жетекшісі Диас Мырзақожа.
Орталықтың зерттеуіне сүйеніп, осындай сорақылыққа көз жеткізген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халал өнім өндірушілерге қадағалауды күшейтпек. Бір сөзбен айтқанда, халал деп шығарылған тауар атына заты сай ма, соны тексереді. Аталмыш дүниені стандарттау мақсатында басқарма жанынан арнайы бөлім құрылып, 250 имамға сертификат тапсырылған. Олар осы міндетті атқарып, шариғат талабы қаншалықты ескеріліп жатқанын назарда ұстамақ. Келешекте мұндай сертификат жер-жердегі имамдарға да берілуі мүмкін. Сонда олардың әрбірі өз өңіріндегі «Халал стандартының» сақталуына жауапты болады. Бұл діни басқарманың төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының аузынан шыққан сөз. «Айтылған сөз атылған оқ» екенін ескерсек, басқарма кәсіпкерлерге дегенін қаншалықты орындата алады, оны уақыт-төреші көрсетері хақ. Әзірге, діни басқарма қолға алған іске мемлекет тарапынан қандай қолдау болатыны белгісіз.
Дін өкілдері тек сөзбен шектелмек емес. Олай дейтініміз, болашақта зертхана ашуды жоспарлап отыр. Зертхана тауардың, өнімнің сапасын тексермек. Талап деңгейінен шыққан өнімнің қаптамасына «Адал» деген жазу жазады. Бұл тұтынушыларға алғалы тұрған өнімінің расында халал екенін білдіретін белгі іспетті десек те болады.
Діни басқарманың бастамасы құптауға тұрарлық десек қателеспеспіз. Шариғаттың сөзін жалау етіп тауарын өткізуді көздеген кәсіпкерлер ақша табуды ойлағанымен, оны адалынан табуды ойлай бермейтіні шындық. «Халал» деп халықты алдап, шариғаттың шартын бұзуға бейім жүретіндер, «халық - Алланың бір аты» екенін ескерсе дейміз.