«Халал нарығы қадағаланбай тұр» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 24 желтоқсан, сәрсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуде өткен ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясынан кейін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мемлекет басшылары деңгейіндегі отырысына қатысты. Еуразиялық интеграциялық үдерістерді тереңдету мәселесі қозғалған отырысқа Кеден одағы «үштігінің» басшыларымен қатар, Армения Президенті Серж Саргсян мен Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев қатысты.
Мемлекет басшылары Еуразиялық экономикалық одақты 2015 жылдан бастап іске қосу және оның шетелдік серіктестермен өзара ықпалдастығы мәселелерін қарастырды. Отырыс барысында мемлекет басшылары ЕАЭО органдарының қызметін регламенттеуге, Одақ соты мен Комиссиясын құруға және оның жұмысына, сондай-ақ, Т.Мансұровты Еуразиялық экономикалық комиссияның Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі aлқасының мүшесі (министр) етіп тағайындауға байланысты бірқатар шешімдерге қол қойды. Сонымен қатар, президенттер 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуы туралы шартқа қол қойды. Бұл туралы мақала «Интеграциялық кеңістікте кедергілер болмауы тиіс» деген тақырыппен жарияланды.
Бас басылымда «Мемлекетіміздің рухани тірегі» атты тақырыппен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының мақаласы жарық көрді.
«Соңғы кезде түп-тамырымызға зер салып, «біз осы кімбіз, қандай халықпыз?» деген сауалдарға жауап іздеп, асыл дінімізден бастау алатын салт-дәстүріміз терең зерделену үстінде. Бұрынғы белгілі жайттардың өзі жаңаша сарапталып, руханият тұрғысынан қайта жүйелену үстінде. Себебі, кез келген халықты өзінің төлтума рухани құндылықтары мен ізгі қасиеттері ғана біріктіре алады. Сондықтан, дін мен дәстүр деген бастама зиялы қауым тарапынан үлкен қолдауға ие болды.
Рас, дәл қазіргі өмірімізден дін мен дәстүріміздің сабақтастығын қалай аңдап, қалай зерделейміз? Мұның астарынан дін мен дәстүрді қалай насихаттаймыз деген екінші сауал туындайтыны хақ. Әр халық ел болып, береке-ынтымақта ғұмыр кешуі үшін жастардың санасына дәстүрлі құндылықтарын сіңіріп, рухани болмысымен өмір сүруге баулиды. Ол үшін мешіт, медреселерден бастап, барлық ақпарат құралдары, тәрбие салалары осы бағытқа жұмылуы керек. Әсіресе, тәрбие саласының маңызы өте зор. Жастарымыз мектеп қабырғасынан бастап, үлкен оқу орындарында дін мен дәстүрімізді оқып сусындап өссе, теріс ағымдар мен жат мәдениеттің жетегінде кетпес еді. Салт-дәстүрі мен дініне ерекше мән берген елдің тұғыры биік, іргесі қашан да берік болмақ», - деп атап өтілген мақалада.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, Халал – араб тілінен аударылғанда «рұқсат етілген» дегенді білдіретін исламдық діни термин. Яғни ислам заңы ішіп-жеуге және тұтынуға рұқсат берген нәрселерге тиесілі. Бұл «halal» азық-түлік өніміне қатысты мақұлдама CODEX ALIMENTARIUS халықаралық Еуропалық комиссия стандартының халықаралық нормаларымен, 2002 жылы Қазақстанның бекітуімен ислам заңы рұқсат берген өнім болып табылады.
Қазір Қазақстанда халал азық-түлігі шектеусіз шығарылып, еркін сатылуда. Еліміз зайырлы мемлекет болғандықтан, «халал» азық-түлік нарығы мемлекет тарапынан жеке көңіл бөлетін салаға кірмейді және діни мазмұнда реттеуге жатпайды. «Халалды» реттеу жергілікті билік органдарымен келісіле отырып діни және қоғамдық бірлестіктердің құзырына берілген. Осы жерде «Қазақстан Республикасында «халал» терминін қолдану соншалықты маңызды проблема ма?» деген сұрақ тууы мүмкін, оған жауап төмендегідей: 2009 жылғы халық санағының мәліметі бойынша, Қазақстан Республикасының 11237947 азаматы, яғни тұрғындарының 70,19 пайызы өздерін діни-сенімі бойынша мұсылман санайды. Олай болса,осынша адамды Қазақстандағы «халал» өнімінің негізгі тұтынушылары ретінде қарастырамыз. Яғни бұл – «Халал» өнімін тұтынушы алып сектор, 11 миллионнан астам Қазақстан азаматтары – бұл аса ауқымды сұраныс пен ұсыныс нарығы! Осы жайында «Халал нарығы қадағаланбай тұр» атты мақаладан оқи аласыздар.
Осы газетте «Ұлттық ұланға асыққандар көп» деген мақала берілген. Қазақстанның Ұлттық ұланы әлемдегі қақтығыс ошақтарына барып, бітімгершілік операцияларға қатысуы мүмкін. Бұл туралы кеше Сенатта мәлім болды.
Осы күні Жоғарғы палатаның Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті өзінің кеңейтілген отырысында «Ұлттық ұлан туралы» және оған ілеспе, қос жаңа заң жобаларын қарады. Сенаторлар Ұлттық ұланға сарбаздарды қабылдауда қандай қиындықтар барын сұрады. Өйткені әскерге шақыру науқаны қорытындысында, ресми статистика бойынша, әрбір 10 жігіттің 7-еуі жарамсыз болып шыққан. «Үш жылдай бұрын әскери комиссарлардың бірі ақпарат құралдарына сұхбат беріп, бойы сұңғақ, денесі шымыр, ақылды жігіттерді табу қиынға айналғанын мәлімдегені есте. Қазір қалай?» деген сауал қойылды.
«Бұрын Ішкі әскерлерді денсаулықтың 3-санатындағы әскери қызметшілермен жасақтауға рұқсат етілетін, – деді Ұлттық ұланның бас қолбасшысы Руслан Жақсылықов.
– Өздеріңіз білесіздер, бұған кім жататынын: кейбір аурулары барларды да алуға жол ашық. Ал бойы тіпті 1 метр 60 сантиметр болса да, қабылдай беретін. Қазіргі кезде бас штабпен жұмыс жасай отырып, біз Ішкі әскер мен Ұлттық ұланды әскерге шақырылғандар арасындағы денсаулығы бойынша 2-санаттан төмен емес жігіттерден жасақтауға қол жеткіздік».
***
«Экспресс-К» газетінің жазуынша, СҚО-да өрт кезінде полицейлер ер адам мен екі баланы құтқарды. Облыстық ІІД енді бұл полицейлерді марапаттауға ниетті. Бірнеше күн бұрын Қызылжар ауданындағы Налобино ауылында тұрғын үйді өрт шарпыған. Абырой болғанда учаскелік инспектор Қанат Мендекеев дер кезінде келіп, өртке оранған үйге кіріп, ер адамды құтқарып қалды.
Осыған ұқсас оқиға Петропавл қаласында орын алды. Төртінші қабатта қызыл жалын астында қалған пәтерден учаскелік инспектор Дәурен Ширажиев өрт сөндірушілермен бірге екі баланы алып шыққан. Бұл материал «Шагнувшие в огонь» деген тақырыппен берілген.