Халық қаһарманы Мәулен Қалмырзаев жайында не білеміз

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Халық қаһарманы Мәулен Қалмырзаевтың ғұмыр жолы – бүтін бір дәуірдің шежіресі, өшпес ерліктің белгісі.

Мәулен Қалмырзаев
Фото: Ардагердің ұрпақтарының жеке архивінен

Өмірінің соңғы жылдарын Шардара өңірінде өткізген ардақты азамат елдің игілігі жолында аянбай тер төкті. Кеңшар басқарған жылдары өңір экономикасының өрлеуіне өлшеусіз үлес қосты. Жұбайы Бибіжар екеуі он ұл-қыз өсірді. Қазір қарашаңыраққа тұңғыш ұлы Бәкір ие болып отыр. 79 жастағы қариямен әкесі жайында әңгімелесіп, естеліктерін тыңдадық.

Мәулен Қалмырзаев
Фото: Ардагердің ұрпақтарының жеке архивінен

Мәулен Қалмырзаев 1919 жылы Өзбекстанның Жызақ облысына қарасты Киров атындағы кеңшарда дүниеге келген. Жастайынан мал шаруашылығында еңбек етіп, кейін ветеринарлық училищені, ұстаздар даярлайтын техникумда оқыды. Дәл сол кезде әскерге шақырылып, Украина жерінде әскери міндетін өтей бастаған. Соғыс өрті тұтанғанда, ол Бердичев қаласында әскери қызметте болды. Дабыл қағылып, бүкіл полк соғысқа аттанды, олардың арасында Мәулен Қалмырзаев та болған.

Мәулен Қалмырзаев
Фото: Ардагердің ұрпақтарының жеке архивінен

— Әкем ІІІ Украина майданының 6-армиясы, 8-танк дивизиясы, 4-мотоатқыштар полкінің құрамында соғысты. Бердичев пен Львовты жаудан қорғап, Киль бағытындағы ауыр шайқастарға қатысты. Соғысқан ерлігі үшін алғашында «Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталған. Барлаушы ретінде жау тылынан бірнеше рет «тіл» әкеліп, батылдығымен де көзге түскен, — деп еске алады ұлы Бәкір.

Бәкір Мәуленұлы — құрылыс саласының майталманы. Ол бала кезінен әкесінің ерлікке толы естеліктерін тыңдап өскен.

Мәулен Қалмырзаев
Фото: Ардагердің ұрпақтарының жеке архивінен

— Әкем кейде болмаса соғыс жайлы көп айта бермейтін. Әңгімелерінің бірінде кескілескен ұрыс кезінде жараланып, құлап жатқанда аяғын жау танкісі жаншып өткенін айтып қалған еді. Жау оны өлдіге санап, ілгері кете берген. Ал ол есін жиған соң госпитальға жеткізілген. Алғашында дәрігерлер аяғын кеспек болған. Алайда госпитальда жатқанда жау әуеден шабуылдап, аурулар басқа жерге ауыстырылған. Ол жақта дәрігерлер басқаша шешім қабылдап, аяғын аман алып қалыпты. Дегенмен, әкем өмір бойы аяғын сілтіп басып жүрді, — дейді ол.

награда
Фото: Ардагердің ұрпақтарының жеке архивінен

Соғыстан кейін Мәулен Қалмырзаев елге оралып, Қызылқұмдағы Шымқорған кеңшарында ферма зоотехнигі, кейін ферма меңгерушісі, кәсіподақ комитетінің төрағасы болып еңбек етті. 1954 жылы Созақтағы «Тасты» кеңшарына директор болып тағайындалды. Мұнда ол малшыларға құдық қаздырып, ауылға жол, көпір, тұрғын үй салдырды. Кейіннен Шардараға ауысып, Көксу кеңшарын басқарды. Бұл жерде де табанды еңбек етіп, елдің ықыласына бөленген.

Мәулен Қалмырзаев
Фото: Ардагердің ұрпақтарының жеке архивінен

— Әкеміз етігін киіп, таңертеңмен шығып кететін. Содан түннің бір уағында келеді. Кейде тіпті апталап көрмейтінбіз. Қайда жүрсе де ел үшін еңбек етті. Созақтағы Шу өзенінің үстінен салдырған көпір әлі күнге дейін «Мәулен көпір» деп аталады. «Тастыдағы» қой саны 21 мыңнан 37 мыңға дейін көбейді. Мектеп, аурухана, электр стансасы ашылып, шаруашылық облыс бойынша алдыңғы қатарға шықты. Ал Көксу кеңшары Мәскеуде өткен Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде бес мәрте жеңімпаз атанды. Әкем Ленин орденін, «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерін, бірнеше медальдар мен «Қазақстанның еңбек сіңірген зоотехнигі» атағын иеленді, — дейді Бәкір Мәуленұлы.

Мәулен Қалмырзаев
Фото: Ардагердің ұрпақтарының жеке архивінен

Мәулен Қалмырзаевтың есімі халық жадында. Артында қалған ұрпақтары болса әр салада еңбек етіп, ата жолын жалғастырып жүр және қарашаңырақты қастерлеп, әр мереке сайын Шардарадағы ата ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етеді, құран бағыштап, ас береді.

Мәулен Қалмырзаев
Фото: Ардагердің ұрпақтарының жеке архивінен

— 2005 жылы әкеміз «Халық Қаһарманы» атағын алды. Кейіннен Шардарадағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа есімі берілді. Мектеп алдына ескерткіші орнатылды. Орден-медальдарын музейге тапсырдық. Ендігі тілегіміз — бір көшеге есімі берілсе деймін. Сондай-ақ, әкем 25 жыл бойы Көксу совхозының директоры болды. Ол кезде артта қалған шаруашылықты түлетіп, алдыңғы қатарға алып шықты. Сол себепті Көксу ауылына да әкемнің аты берілсе деген ұсынысымыз бар, — дейді Бәкір Мәуленұлы.

Мәулен Қалмырзаев 2005 жылы 86 жасында қайтыс болды. Оның ғибратты өмірі бүгінгі жастарға өнеге болып қалары анық.

Айта кетейік, бұдан бұрын Хиуаз Доспанова жайлы туыстарының естеліктерін жариялаған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар