Халық кеңесі Ассамблея жұмысын одан әрі күшейтеді – Президент
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайында өткен брифингте Халық кеңесінің жұмысын арттыру туралы пікір білдірді.
– Сіз конституциялық реформа тарихи өзгерістердің бастамасы екенін, ал түбегейлі жаңғырту жыл соңына дейін, тіпті келесі жылы да жалғасатынын айтқан едіңіз. Енді Құрылтай мен Қазақстан Халық кеңесі іске кірісіп, Вице-президент лауазымы тағайындалған соң, елде қандай өзгерістер болады?, – деп сұрақ қойды журналист.
Өз жауабында Президент жаңа Вице-президент алдағы он күнде тағайындалатынын жеткізіп, Халық кеңесінің жұмысы туралы да баса айтты.
– Тағы басқа реформаларды іске асырамыз. Мысалы, Халық Кеңесінің жұмысын жандандыру қажет. Халық Кеңесі дегеніміз – жаңа орган. Кейбір азаматтар Ассамблея туралы сұрап жатыр екен. Халық Кеңесі Ассамблеяның атқарған қызметін одан әрі күшейтеді деп ойлаймын. Бұл көпфункционалды, жаңа саяси тетік деп айтуға болады. Сондықтан Кеңестің жұмысы жемісті болатынына кәміл сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, бүгін еліміздің барлық өңірінде Құрылтай депутаттарын сайлау басталды. Дауыс беру 10 423 сайлау учаскесінде өтеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайында орналасқан №520 сайлау учаскесінде дауыс берді.