Халық кеңесі мемлекеттік органдардың қызметін алмастырмайды – Әділет министрі

АСТАНА.KAZINFORM – Халық кеңесі ұсынымдарды әзірлеуге арналған пікір алмасу алаңы болады. Бұл туралы бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Халық кеңесі туралы» заң жобасын талқылау кезінде Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев мәлім етті. 

Ерлан Сәрсембаев
Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

- Заң жобасының негізгі тұжырымдамасы – қоғам мен мемлекет арасындағы жалпыұлттық диалогтың тұрақты тетігін жүйелі түрде қалыптастыруға бағытталған. Қазақстан Халық Кеңесі – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асырудың негізгі құралы ретінде айқындалып отыр. Бұл ретте ұсынылып отырған институт мемлекеттік органдардың қызметін алмастырмайды және олардың функцияларын қайталамайды. Ол – керісінше ішкі саясаттың негізгі бағыттары бойынша келісілген ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлеуге арналған пікір алмасу алаңы болады, - деді Е.Сәрсембаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бірлескен отырыста депутаттар «Қазақстан Халық Кеңесі туралы», «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» үш конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда талқылап жатыр.