Халық кеңесі туралы заң қабылданды
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы екінші оқылымда қабылданды.
Сенатор Нұртөре Жүсіп аталған заң жөнінде баяндама жасап, өзектілігіне тоқталды.
— Бұл құжат жай ғана заң емес, бұл — мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа моделін қалыптастыратын, халық өкілдігін институционалды түрде күшейтетін маңызды қадам. Заңға сәйкес, елімізде конституциялық мәртебеге ие жоғары консультативтік орган Халық кеңесі құрылады. Оның басты мақсаты — қоғам пікірін мемлекеттік шешім қабылдау үдерісінің ажырамас бөлігіне айналдыру. Халық кеңесі тек диалог алаңы емес, ол халықтың шынайы үнін жеткізетін, стратегиялық деңгейде ықпал ететін бірегей институт болады. Онда азаматтардың ұсыныстары жүйелі түрде қаралып, нақты саясатқа әсер ету мүмкіндігіне ие болады. Бұл, әсіресе, Қазақстан секілді көпэтносты және көпқырлы қоғам үшін маңызды. Себебі, тұрақтылық пен дамудың негізі — әділ өкілдік пен ашық диалог, — деді ол.
Демек, Халық кеңесінің арқасында азаматтардың саяси үдерістердегі белсенділігі күшейіп, елдің келешегіне қатысты шешімдер қабылдауға атсалысады.
— Кеңес әртүрлі әлеуметтік топтардың, өңірлердің және буындардың мүдделерін тоғыстырып, ортақ ұлттық күн тәртібін қалыптастыруға ықпал етеді. Аталған заң демократиялық қағидаттарды одан әрі нығайтады. Ашықтық, жариялылық және есептілік жаңа деңгейге көтеріледі. Мемлекет қоғам сұранысына жедел әрі жүйелі жауап беретін құрылым ретінде дамиды. Ең бастысы, азаматтардың мемлекеттік басқарудағы рөлі артады. Егер бұрын кей бастамалар тиісті деңгейде ескерілмей қалса, енді Халық кеңесі арқылы олар институционалды түрде қаралатын болады. Бұл — Президент ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты көрінісі. Сонымен қатар, заң өңірлердің рөлін күшейтуге де мүмкіндік береді. Жергілікті бастамаларды қолдау арқылы әлеуметтік, мәдени, білім беру және экономикалық жобаларды қолдауға жол ашылады. Бұл заң — мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтатын тарихи құжат. Бұл әр азаматтың өз пікірінің маңызды екенін сезінуіне, ел болашағына ықпал етуге мүмкіндік береді. Біз бүгін жаңа қоғамдық келісімнің негізін қалап отырмыз. Бұл келісімде мемлекет пен халық өзара сенімді серіктес ретінде әрекет етеді, — деді сенатор.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Халық кеңесінің мүшелері қоғамдық негізде жұмыс істейтінін, оларға жалақы төленбейтінін жазғанбыз.