«Халық менің шын атым»: Алматыда Жамбыл Жабаевтың мұрасы ұлықталды
АСТАНА. KAZINFORM — Алматыда Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына орай шығармашылық кеш өтті, деп хабарлайды Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
ҚР Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архивінде жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық меройтойына арналған «Халық менің шын атым» атты шығармашылық кеш ұйымдастырылды.
Іс-шараға музей және архив саласының өкілдері, өнер қайраткерлері, зерттеушілер, сондай-ақ ақынның немересі Салтанат Жамбыл қатысып, өз пікірі мен естеліктерін бөлісті.
Кеш аясында архив қорынан алынған 1932–1946 жылдардағы сирек фотоқұжаттар негізінде көрме ұйымдастырылды.
— «Архив–2025» бағдарламасы бойынша Ресей дыбыс архивінен алынған Жамбыл Жабаев дауысының аудиожазбасы көрерменге ұсынылды.Іс-шара барысында «Жамбыл» атты көркем фильм көрсетілді. Фильмде ақынның өмір жолы, шығармашылығы мен түрлі тарихи кезеңдегі қоғамдық рөлі баяндалады, — делінген хабарламада.
Осыған дейін 28 ақпанда жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туған күні екенін жазғанбыз.