Халық табысын арттыру бойынша кешенді жоспар жарияланды
АСТАНА.KAZINFORM — Үкімет 2026–2029 жылдары халықтың табысын арттыруға арналған кешенді жоспарды бекітті.
Үкімет бұл жоспарды экономика өсімі мен халықтың нақты табысы арасындағы айырмашылықты азайту үшін қабылдап отыр. Экономика өссе де, инфляцияның күшеюі, несие жүктемесінің артуы және табыстың біркелкі бөлінбеуі салдарынан көптеген адамның сатып алу мүмкіндігін төмендеткен.
Сондықтан халықтың табысын арттыру үшін экономикалық және әлеуметтік бағыттағы кешенді шаралар қажет екені айтылған.
Жоспарда кәсіпкерлікті мемлекет тарапынан қолдау мәселесіне де тоқталған.
Мемлекеттік қолдаудың ең тиімді қаржылық шараларының қатарында микроқаржы ұйымдарының (бұдан әрі — МҚҰ) микронесиелерін субсидиялау, гранттық және лизингтік қаржыландыру бар. Аталған бағыттар бойынша мемлекеттік қолдау алған жобалар жоғары нәтиже көрсеткен.
Атап айтқанда:
— салық түсімдерінің өсуі бойынша: МҚҰ микронесиелерін субсидиялау — 199%, гранттар — 96%, лизинг — 257%;
— табыс көлемінің өсуі бойынша: МҚҰ микронесиелерін субсидиялау — 230%, гранттар — 400%, лизинг — 213%;
— қызметкерлер санының артуы бойынша: МҚҰ микронесиелерін субсидиялау — 19%, гранттар — 38%, лизинг — 25%;
— еңбек өнімділігінің өсуі бойынша: МҚҰ микронесиелерін субсидиялау — 348%, гранттар — 157%, лизинг — 270%;
— еңбекақы қорының өсуі бойынша: МҚҰ микронесиелерін субсидиялау — 379%, гранттар — 231%, лизинг — 144%.
Сонымен бірге жұмыспен қамту мен еңбек өнімділігіне қатысты нәтиже барлық салада бірдей емес. Кейбір салаларда, соның ішінде агроөнеркәсіп кешенінде жалақы деңгейі әлі де төмен болып отыр.
Құжатта мемлекеттік қолдау алған кәсіпкерлер тек салық міндеттемелерін орындап қана қоймай, қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсартып, табысын арттыруға да көңіл бөлуі тиіс екені айтылған.
Осыған байланысты мемлекеттік қолдау шараларын нақты бағыттап, бизнеске бірқатар міндеттемелер жүктеу қажет. Оның ішінде жалақыны көтеру, сапалы жұмыс орындарын құру, кадр даярлау және еңбек өнімділігін арттыру талаптары болуы тиіс. Сонымен қатар қолдау шараларының ашықтығын, бақылауын және тиімділігін арттыру үшін мониторинг сервистерін (Baqylauda) цифрлық жүйеге біріктіру қажет.
Ұсынылып отырған тетіктер:
- субсидия алушылар үшін ең төменгі медианалық жалақы деңгейін белгілеу (мысалы, ол өңірдегі медианалық көрсеткіштен төмен болмауы немесе ең төменгі жалақы көлеміне белгілі бір коэффициент арқылы байланыстырылуы тиіс);
- субсидиялар мен жеңілдетілген қаржыландыруды алу мүмкіндігін сақтау үшін медианалық жалақыны кезең-кезеңімен арттыру талабын енгізу;
- міндеттемелердің орындалуын орташа жалақы бойынша емес, медианалық жалақы көрсеткіші арқылы бақылау.
Кешенді жоспарда жалақы деңгейіндегі айырмашылықты азайту, сондай-ақ ең төменгі жалақы көлемін және жекелеген салалардағы еңбекақыны арттыру шаралары қарастырылған.
Кешенді жоспарды іске асыру 6 негізгі бағытты қамтиды:
— жалақыны арттыру;
— сапалы жұмыс орындарын құру;
— адами капиталды дамыту және жұмыспен қамтуды арттыру;
— инфляцияны төмендету және нақты табысты көбейту;
— салық және әлеуметтік шаралар;
— халықтың қарыз жүктемесін азайту және қаржылық белсенділігін арттыру.
1-бағыт. Жалақыны арттыру бағыты аясында мынадай шаралар қарастырылған:
— ең төменгі жалақы көлемін арттыру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
— коммуналдық саладағы табиғи монополия субъектілерінің өндірістік персоналының орташа жалақысын көтеру;
— экономиканың әртүрлі салаларында сағаттық еңбекақы төлеу жүйесін енгізу тәсілдерін әзірлеу;
— бизнес тарапынан мемлекет алдындағы міндеттемелерді орындау арқылы жалдамалы жұмысшылардың табысын арттыру және жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету. Бұл еңбекақы қорының үлесін көбейту, жаңа жұмыс орындарын ашу және қазіргі жұмыс орындарын сақтауды қамтиды;
— салалық және өңірлік келісімдер аясында еңбек қатынастарын реттеу бойынша әлеуметтік әріптестік шараларын жүйелі түрде жүзеге асыру;
— кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілік бойынша тиімді тәжірибелерін басқа компанияларға үлгі ретінде енгізу;
— ірі, орта және бейінді жеке кәсіпорындардың басшыларымен өндірістік персоналдың жалақысын инфляция деңгейінен 2–3%-ға жоғары көтеру мәселесі бойынша кездесулер өткізу және бұл талаптарды кәсіпорындардың ұжымдық шарттарына енгізу;
— азаматтық қызметшілердің жалақысын арттыру мәселесін қарастыру;
— мемлекеттік қызметшілердің көлденең мансаптық өсуін енгізуге арналған пилоттық жоба нәтижелерін ескере отырып, еңбекақы төлеу жағдайын жақсарту бойынша ұсыныстар әзірлеу және басқа да шаралар.
2-бағыт. Сапалы жұмыс орындарын құру мыналарды қамтиды:
— 2029 жылға қарай негізгі экономикалық қызмет түрлері бойынша сапалы жұмыс орындарының санын 3,8 млн адамға дейін арттыру;
— Үкімет айқындаған 17 ірі кластерлік жобаны іске қосу және жүзеге асыру аясында жаңа жұмыс орындарын ашу;
— агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы жұмыс орындарын құру;
— ірі мұнай-газ және тау-кен металлургия компанияларының әлеуметтік инвестициялық жобаларын іске асыру;
— ұлттық жобалар, электронды еңбек биржасындағы бос жұмыс орындары, жеке бастамалар аясында ашылатын және субсидияланатын жұмыс орындары арқылы халықты жұмыспен қамту;
— мемлекеттік мүлікті шағын және орта бизнеске (ШОБ) жалға беру жұмысын күшейту, бұл ретте оны күтіп ұстау шығындарын ескеру және басқа да шаралар.
3-бағыт. Адами капиталды дамыту және жұмыспен қамтуды арттыру мыналарды көздейді:
— техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) ұйымдарында мамандарды нақты сектордың сұранысына сай даярлау;
— студенттерді дуальды оқытуға көбірек тарту үшін ТжКБ ұйымдары мен кәсіпорындар арасындағы ұзақ мерзімді әріптестік аясындағы байланысты кеңейту;
— кәсіпорындар мен ұйымдарда, соның ішінде «Жастар практикасы» жобасы аясында тәлімгерлік институтын дамыту.
4-бағыт. Инфляцияны төмендету және нақты табысты арттыру
— әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын (ӘМАТ) маусымаралық және сұраныс жоғары кезеңдерде кедергісіз әрі тұрақты жеткізу үшін «жасыл дәліз» ұйымдастыру;
— ӘМАТ бойынша 15%-дық сауда үстемесі талаптарының сақталуын бақылау;
— жолаушылар тасымалы тарифтерінің өсуін тежеу;
— теміржол арқылы тасымалданатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тарифін 36%-ға төмендету;
— апта сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізу;
— әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорларын қалыптастыру;
— тұтыну нарығындағы бағаны тұрақтандыру үшін тауарлық интервенциялар жүргізу;
— екінші деңгейлі банктердің (ЕДБ) бизнесті несиелеуін ынталандыруға бағытталған қосымша реттеу шараларын енгізу.
5-бағыт. Салық және әлеуметтік шаралар
— 2029 жылдан бастап ипотекалық несие бойынша төленетін пайыздарды толық көлемде салықтық шегерімге жатқызу мүмкіндігін қалпына келтіру мәселесін қарастыру;
— табысы кедейлік шегінен төмен отбасыларға әлеуметтік қолдау құралдарын проактивті түрде ұсыну;
— «әлеуметтік әмиян» арқылы азаматтарға әлеуметтік көмек көрсетудің проактивті форматын енгізу;
— әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілеріне көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
— әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің қарыздарын қайта құрылымдау, бұл ретте сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау (номиналды мөлшерлеменің 50%-ына дейін, бірақ жылдық 24%-дан аспайтын көлемде);
— азаматтардың жекелеген санаттарын тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету (ТМККК аясында).
6-бағыт. Халықтың қарыз жүктемесін азайту және қаржылық белсенділігін арттыру
— банктер мен микроқаржы ұйымдарындағы азаматтардың мерзімі өткен тұтынушылық несиелері бойынша берешегін реттеу;
— банк және микроқаржы омбудсмендері арқылы кепілсіз тұтынушылық қарыздарды реттеуге арналған бірыңғай платформаны іске қосу;
— тұтынушылық несиелер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) шекті деңгейін есептеу әдістемесін қайта қарау;
— білім беру несиелеріне кепілдік беру жүйесін жетілдіру;
— қаржылық өнімдер бойынша стандартталған негізгі ақпараттық құжат енгізу. Бұл азаматтарға ұсыныстардың шарттарын салыстырып, саналы таңдау жасауға мүмкіндік береді;
— қаржылық қызмет көрсету кезінде азаматтардың құқығын бұзатын әрекеттердің алдын алу талаптарын енгізу. Оның ішінде қосымша қызметтерді күштеп ұсынуға, маңызды шарттарды жасыруға жол бермеу;
— халық арасында қор нарығына белсенді қатысу туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу;
— тұтынушылық несие берер кезде азаматтың төлем қабілетін, қарыз жүктемесін және алаяқтық тәуекелінің жоғары белгілерін ескеретін бағалау жүйесін енгізу;
— жеке тұлғаларға банк несиесін беру және оған қызмет көрсету кезінде алынатын комиссиялар мен өзге де төлемдер тізімін қысқарту;
— әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтардың банкроттық рәсімін жеңілдету;
— жеке тұлғалардың проактивті банкроттығы тетігін енгізу.
Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде мынадай көрсеткіштерге қол жеткізу жоспарланып отыр:
— қызметкерлердің нақты табысын арттыру үшін жалақыны орта есеппен 10%-ға көтеру;
— халық табысын жыл сайын инфляция деңгейінен 2–3%-ға жоғары өсіру. Әсіресе төмен және орта жалақы алатын азаматтардың табысын арттыру арқылы қоғамдағы әртүрлі топтар арасындағы алшақтықты азайту;
— заманауи технологиялар мен білікті мамандарға негізделген сапалы жұмыс орындарын құру. Мұндай жұмыс орындарының саны жыл сайын 240 мыңға дейін артады;
— экономикаға қажет кәсіби және цифрлық дағдыларды дамыту арқылы мамандардың біліктілігін арттыру. Сондай-ақ кәсіпорындармен 600-ге дейін меморандум жасап, дуальды оқытуға қатысушылар санын көбейту;
— ауылды жерлерде 30 мыңнан астам бюджеттік микрокредит беру;
— жаңа жұмыс орындарының көзі ретінде кәсіпкерлік пен өзін-өзі жұмыспен қамтуды дамыту. Сапалы жұмыс орындарының орташа жылдық өсімі 10% болады;
— 2029 жылға қарай инфляция деңгейін 5–7%-ға дейін төмендету;
— әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына (ӘМАТ) 15%-дық сауда үстемесін сақтау арқылы негізгі тауарлар мен қызметтер бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету;
— 2029 жылы азық-түлікпен қамтамасыз ету деңгейін (оның ішінде әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша) кемінде 88%-ға жеткізу;
— 2029 жылға қарай сұранысқа ие мамандықтардың 90%-ын кәсіби стандарттармен қамту;
— 2029 жылы ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін 8,2 млн теңгеге дейін арттыру;
— 2029 жылға қарай халықтың азық-түлікке жұмсалатын шығын үлесін 40%-ға дейін төмендету.
Қаулы 10 маусымнан бастап қолданысқа енгізілді.
Айт кетейік, Қазақстан Дүниежүзілік банкпен бірлескен жоспар әзірлейді.