Халықаралық атом энергиясы агенттігінің басшысы Қазақстанға келеді

АСТАНА. KAZINFORM – 25-27 мамыр күндері Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің бас директоры Рафаэль Гроссидің Қазақстанға сапары өтеді. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев айтты.

Рафаэль Гросси
Фото: МАГАТЭ

– Сапар аясында жоғары деңгейдегі кездесу, 2026-2036 жылдарға арналған агенттікпен ынтымақтастықты тереңдету жөніндегі Жол картасына және ғылым мен ядролық медицина салаларындағы ынтымақтастық туралы өзге де құжаттарға қол қою жоспарланған, – деді ресми өкіл елордада өткен брифингте.

Бұған дейін Қазақстандағы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джули Стаффтпен кездескен еді. Тараптар ғылыми-техникалық ынтымақтастық, тәжірибе алмасу, кадрлар даярлау мәселелерін талқылады.

Елімізде салынатын екінші АЭС-ке Мойынқұм атауы беріледі. Ол да Балқашта орналасады.