Халықаралық байланыс: Құзырлы орган басшылары қай елге барады

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл 22-25 наурыз аралығында ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев Қытай Халық Республикасына, атап айтқанда Бейжің және Үрімші қалаларына жұмыс сапары жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді.

Халықаралық байланыс
Фото: avtoradio.kz

Сапар аясында М. Қарабаев ҚХР көлік, сауда министрлерімен, сондай-ақ Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитеттің, ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының басшылығымен келіссөздер жүргізеді деп күтілуде. Көлік министрлігінің басшысы бірлескен жобалар мен бастамалар, сондай-ақ екі ел арасындағы көлік байланыстарының тиімділігін арттыру мәселелерін талқылайды.

Ал 23-24 наурызда Женева қаласында (Швейцария Конфедерациясы) Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов бастаған парламенттік делегация Парламентаралық одақтың 148-ші Ассамблеясына қатыспақ.

«Бұл сессия көпжақты парламентаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған «Парламенттік дипломатия: бейбітшілік пен өзара түсіністікке көпір салу» жалпы тақырыбымен өтеді. Сессия қорытындысы бойынша қорытынды құжатты қабылдау жоспарлануда. Сонымен қатар іс-шара аясында парламентаралық ынтымақтастық және парламенттік дипломатияны дамыту мәселелерін талқылау үшін қазақ делегациясының бірқатар шетелдік парламент басшыларымен кездесулері қарастырылған», - деді Айбек Смадияров.

Белгілі болғандай, 25-26 наурызда Ерлан Қошановтың Швейцария Конфедерациясына ресми сапары барысында Швейцария Ұлттық кеңестің (парламенттің төменгі палатасы) Төрағасы Эрик Нузбаумермен және Сыртқы істер министрі Иньяцио Кассиспен кездеспек.

Тараптар парламентаралық өзара іс-қимыл бағыттарын, сондай-ақ саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың жай-күйі мен даму перспективаларын және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерін талқылайды.

2024 жылғы 25 наурызда Кипр Республикасының Сыртқы істер министрі Константинос Комбостың Астанаға ресми сапары жоспарлануда. Сапар аясында оның мемлекет басшылығымен, Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевпен, Бас прокурор Берік Асыловпен, Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен және Көлік министрлігінің басшылығымен кездесулері өтеді.

Сапардың мақсаты – Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасы арасындағы саяси және сауда-экономикалық салалардағы ынтымақтастық мәселелерін талқылау, сондай-ақ шарт-құқықтық базаны кеңейту.

2024 жылғы 26 наурызда АҚШ тарапының шақыруымен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу сол елге ресми сапармен барады.
Сапар аясында АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенмен екіжақты келіссөздері, сондай-ақ АҚШ-тың жоғары лауазымды тұлғаларымен кездесулері өтеді деп күтілуде. Онда саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық салалардағы қазақ-американдық ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері талқыланады.

2024 жылғы 29-30 наурызда қытай тарапының шақыруымен Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қытай Халық Республикасына ресми сапармен барады. Сапардың мақсаты – қытай тарапымен екіжақты ынтымақтастықтың ағымдағы жай-күйі мен одан әрі даму перспективаларын талқылау, жоғары және аса жоғары деңгейлерде қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын қарау, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасу.

Сапар аясында ҚХР Мемлекеттік Кеңесі Премьерінің орынбасары Дин Сюэсянмен, Сыртқы істер министрі Ван Имен екіжақты келіссөздер, сондай-ақ бірқатар ірі Қытай компанияның басшыларымен кездесулер жоспарлануда.

Айта кетейік, өткен жылдың мамыр айында екі мемлекет басшылары 2024 жылды Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы деп жариялаған болатын. Осыған орай, сыртқы саяси ведомствосының басшысы Қазақстанның бас қонағы ретінде ҚХР-дағы Қазақстандық туризм жылының ресми ашылу рәсіміне қатысады.