Халықаралық энергетика агенттігі рекордтық 400 миллион баррель мұнай шығарады
АСТАНА. KAZINFORM — Халықаралық энергетика агенттігіне (ХЭА) мүше елдер стратегиялық мұнай қорын бірлесіп шығаруға келісті. Бұл туралы агенттіктің сайтында жарияланды.
Таяу Шығыстағы қақтығыстардан туындаған жеткізілім үзілісінің салдарын жою үшін нарыққа 400 миллион баррель мұнай жіберу жоспарланған.
Шешімді ХЭА-ға мүше 32 ел агенттік үкіметтерінің кезектен тыс отырысынан кейін бірауыздан қабылдады. Жиын әлемдік мұнай нарығындағы жағдайды бағалау және жеткізілімдердің қысқаруын шешу шараларын талқылау мақсатында ұйымдастырылды.
— Мұнай нарығында біз тап болып отырған қиындықтардың ауқымы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Сондықтан мен Халықаралық энергетика агенттігіне мүше елдердің ауқымды шұғыл ұжымдық шаралармен жауап бергеніне қуаныштымын. Мұнай нарығы жаһандық, демек жеткізілімдегі елеулі іркілістерге жауап та жаһандық деңгейде болуы тиіс. Энергетикалық қауіпсіздік — ХЭА мандатының негізі, сондықтан ондағы елдердің батыл шараларды бірлесіп қабылдап, шынайы ынтымақтастық танытып отырғанын көру мені қуантады, — деді ХЭА атқарушы директоры Фатих Бироль.
Резервтерді шығару әрбір ел өз жағдайын ескере отырып, белгілеген мерзімде жүзеге асырады. Кейбір мемлекеттер дағдарысқа қарсы қосымша шараларды да жүзеге асырмақ.
Агенттіктің мәліметінше, ХЭА елдерінің біріктірілген стратегиялық қоры мұнайдың 1,2 миллиард баррелінен асады. Тағы 600 миллионға жуық баррель үкімет тапсырысы бойынша құрылған мұнай компанияларының міндетті қорында.
Мұндай шешім агенттік құрылғалы алтыншы мәрте шығарылып отыр. Бұған дейін ХЭА елдері 1991, 2005 және 2011 жылдары, сондай-ақ 2022 жылы екі рет қорларды ұжымдық босатуға жүгінген.
Төтенше шараларға 2026 жылдың 28 ақпанында Таяу Шығыста басталған қақтығыс себеп болды. Бұл әлемдік тауар саудасының негізгі бағыттарының бірі Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалдауды елеулі түрде бұзды.
ХЭА мәліметінше, бұғаз арқылы мұнай мен мұнай өнімдерінің экспорты қақтығысқа дейінгі деңгейдің 10%-дан азына дейін төмендеді. Соның салдарынан аймақтағы кейбір мұнай компаниялары өндірісті тоқтатуға немесе азайтуға мәжбүр.
2025 жылы Ормуз бұғазы арқылы күн сайын орта есеппен 20 миллион баррель мұнай мен мұнай өнімдері өтті, бұл бүкіл әлемдік теңіздегі мұнай саудасының төрттен бір бөлігін құрайды. Бұл жолды айналып өту мүмкіндіктері шектеулі.
Агенттік хатшылығы кейіннен қорды босату тетігінің егжей-тегжейлерімен таныстырып, әлемдік мұнай мен газ нарықтарындағы жағдайды бақылауды жалғастыруға уәде берді.
Бұған дейін Жапония Таяу Шығыстағы қақтығысқа байланысты мұнайдың стратегиялық қорларын босататыны туралы жаздық.