Халықаралық еріктілер жылы: қазақ жастары үндеу жасады
АСТАНА. KAZINFORM – Халықаралық еріктілер жылы жариялануына орай «Жаңа адамдар» қозғалысының мүшелері бас қосты. Жиында белсенді жастар барлық қазақстандықты еріктілік бастамаларға атсалысуға шақырды.
Іс-шарада еліміздің әр түкпірінен келген жүздеген ерікті волонтерліктің мән-маңызын талқылады. Олар заң аясында әрекет етіп, уәкілетті органдармен және қоғаммен бірлесіп жұмыс істейтінін алға тартты.
– Президент атап өткендей: «Нағыз волонтер тұтас қоғамның игілігін ойлайтын, еліміздің мұрат-мүддесін биікке қоятын саналы азамат екені сөзсіз». Демек, еріктілік – жеке пайда үшін емес, ортақ іс үшін әрекет ету және қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіну. Волонтер өз қамын ғана күйттеумен шектелмей, айналасында болып жатқан жайттарға үн қатады және игі істерге үлес қосады» – деді «Жаңа адамдар» қозғалысының көшбасшысы Әсел Бәденова.

Жастар қозғалысының жетекшісі Мемлекет басшысының сөзін тілге тиек етуі тегін емес. Өйткені, Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым волонтерлік қызметке қолдау білдіріп келеді. 2026 жыл БҰҰ деңгейінде Халықаралық еріктілер жылы деп жарияланған соң, Астанада Волонтерлер форумы өтіп, онда Президент бірқатар маңызды мәлімдеме жасаған еді.

– Волонтерлікті дамыту үшін мемлекет деңгейіндегі жаңа жүйелі шаралар қажет.
Биыл еріктілер ісін дамытуға арналған үш жылдық Жол картасын іске асыру мерзімі аяқталады. Сондықтан Үкімет 2030 жылға дейінгі кезеңді қамтитын жаңа мазмұнды құжат әзірлегені жөн.Бұған дейін қабылданған шаралардың тиімділігіне баға беру және Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне сай волонтерлік қозғалысты нығайту үшін қосымша ынталандыру тетіктерін қарастыру маңызды, – деген болатын Мемлекет басшысы.

Еске салайық, аталған форумда еріктілерге арналған «Мейірім» орденін тағайындау туралы Президент шешімі жөнінде де бұған дейін хабарлаған болатынбыз.