Халықаралық көлік дәліздері мен өткізу пункттеріндегі процестерді цифрландыру керек – Бектенов

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл 10 айда Қазақстан арқылы транзиттік тасымал көлемі  29 миллион тоннадан асып,  нақты өсім көрсетті. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

Олжас Бектенов
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

– Мемлекет басшысы Қазақстанды Еуразия кеңістігіндегі басты көлік торабына айналдыру бойынша стратегиялық міндет қойды. Оны іске асыру үшін жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Транскаспий халықаралық көлік бағытының өткізу қабілеті ұлғайтылды, шетелдік серіктестермен тарифтік саясат үйлесімді түрде жүргізіліп, жүктерді жеткізу мерзімдері қысқартылды. Автожол инфрақұрылымын транзиттік және халықаралық дәліздерге басымдық бере отырып жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Контейнерлік тасымал көлемі өсті, - деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, Қазақстан-Қытай шекарасында пилотсыз тасымал мен бірыңғай электрондық декларацияны қамтитын «Ақылды кеден» жобасы жүзеге асырылып жатыр.

– Қабылданған шаралардың нәтижесінде биыл 10 айда Қазақстан арқылы транзиттік тасымал көлемі 29 миллион тоннадан асып, нақты өсім көрсетті. Сонымен қатар транзиттік жүк тасымалы үшін бәсеке күшейіп барады. Осы орайда көлік логистикалық жүйенің қолда бар әлеуетін белсенді түрде кеңейту қажет. Бірінші кезекте халықаралық көлік дәліздері мен өткізу пункттеріндегі процестерді жылдам цифрландыру керек, - деді ол.

Премьер-министрдің атап өтуінше, жүк жөнелтушілер үшін көлік логистикалық операциялардың жеделдігі, алдын ала болжау мүмкіндігі және цифрлық ашықтығы тасымал бағытын таңдауда негізгі фактор саналады.

– Осыған байланысты Президент Жолдауы аясында логистикада, оның ішінде Smart Cargo экожүйесі де бар, толықтай цифрлық шешімдер жүзеге асырылуда. Ол жүк қозғалысына онлайн-мониторинг жүргізу және бүкіл бағыт бойынша мемлекеттік және жеке цифрлық платформаларды интеграциялау мақсатын көздейді. Алайда бүгінде сервистердің барлығы бірдей қосылып, жұмыс істеп тұрған жоқ. Сондықтан Көлік министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін сервистер мен ақпараттық ресурстардың толық интеграциясын аяқтауы қажет, - деді Олжас Бектенов.

Айта кетейік, Үкімет отырысында еліміздің көлік-транзит саласын дамыту мен цифрландыру мәселесі талқыланды.

Соңғы жаңалықтар