Халықаралық Олимпиада күні: Астанада жүзуден жарыстар өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Халықаралық Олимпиада күнін мерекелеу аясында Астанада Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті ЮНИСЕФ қолдауымен ұйымдастырған балалар арасындағы жүзу және әртістік жүзу жарыстары өтті.
«Өзен» спорт кешенінің бассейнінде өткен спорттық мерекенің бағдарламасы әртүрлі жастағы және дайындық деңгейіндегі қатысушыларды біріктірді. «Старт» тобында тақтайшамен 25 метрге еркін стильде жүзу және 4х25 метрлік командалық эстафета ұйымдастырылды. Ал «Даму» тобындағы спортшылар дәл осы қашықтықтарда, бірақ қосымша жүзу құралдарынсыз сынға түсті.
Күннің ең жарқын оқиғаларының бірі Olympic Art Swim Fest фестивалі болды. Спортшылар Олимпиада ойындарының қатысушылары Александра мен Екатерина Немичтің жетекшілігімен дайындалған әртістік жүзуден әсерлі көрсетілім бағдарламасын ұсынды.
Жарыс күнінің қорытынды кезеңінде «Шеберлік» тобының қатысушылары бақ сынады. Бұл санатта жас жүзушілер 50 метрге еркін стильде жүзуден жеке сында үздіктерді анықтап, кейін 4х50 метрлік эстафетаға қатысу үшін командаларға бірікті.
- Олимпиадалық қозғалыс – бұл тек ірі халықаралық жарыстар ғана емес, сонымен қатар әрбір қатысушы өз мүмкіндігін көрсете алатын, жаңа әсер алып, алдағы дамуына шабыт табатын осындай спорттық мерекелер. Халықаралық Олимпиада күні адамдарды достық, құрмет және кемелдікке ұмтылу құндылықтарының төңірегіне топтастырады. Біз үшін әртүрлі жастағы спорт сүйер қауым өзін үлкен әлемдік спорт мерекесінің бір бөлігі ретінде сезіне алатын орта қалыптастыру маңызды, – деді Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің бас директоры Нұрлан Нөгербек.
Жас спортшылар Olympic Day аясындағы түрлі белсенділіктерге қатысып, арнайы сертификаттарға ие болды.
Айта кетейік, Халықаралық Олимпиада күні жыл сайын 23 маусымда Халықаралық Олимпиада комитетінің 1894 жылы құрылғанына орай атап өтіледі. Бұған дейін елордада Barys Fest балалар хоккей турнирі өтіп, ол да ауқымды мерекелік бағдарламаның бір бөлігіне айналған болатын.
Еске салсақ, Қытайда өткен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы 2 алтын медаль иеленді.