Қазақстан БҰҰ-мен қатар маңызды ұйымдар аясында еріктілер қозғалысын дамытып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтерлер форумында  тәжірибе алмасуға және халықаралық деңгейдегі волонтерлік бастамаларды үйлестіруге арналған жаңа платформалар құру қажет деп санайтынын жеткізді.

волонтер
Фото: Ақорда

Халықаралық ықпалдастықты арттыру міндеті тұр. Қазақстан БҰҰ Еріктілер бағдарламасына атсалысып келеді. Бұл біздің азаматтарымызға жаһандық волонтерлік құрылымдарда бірегей тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді. Еріктілеріміздің осы Бағдарламаға алдағы уақытта да қатысуын қамтамасыз ету маңызды. Тәжірибе алмасуға және халықаралық деңгейдегі волонтерлік бастамаларды үйлестіруге арналған жаңа платформалар құру қажет деп санаймын. Қазақстан БҰҰ-мен қатар ШЫҰ, АӨСШК, ТМД секілді маңызды ұйымдар аясында еріктілер қозғалысын дамытып жатыр. Мәселен, биыл біздің бастамамызбен Қазақстанда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдер еріктілерінің алғашқы форумы өтеді. Өздеріңізге мәлім, еліміздегі Халықаралық еріктілер жылы «Орнықты келешек үшін бірге!» ұранымен өтуде. БҰҰ қолдауымен Астанада биыл сәуір айында өтетін Өңірлік экологиялық саммиті аясында волонтерлер үшін арнайы сессия ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл іс-шара экология саласындағы үздік волонтерлік жобаларды жүзеге асыруға ықпал етпек. Бұдан бөлек, Каспий теңізіндегі іс-қимыл апталығы мен Арал маңындағы табиғатты қалпына келтіру жөніндегі халықаралық волонтерлік апталық өткізу көзделген. Аталған жиындарға түрлі мемлекеттерден еріктілер шақырылады. Кең байтақ өңіріміздің қайталанбас экожүйесін сақтауға бағытталған бұл бастамаларды қолдаймын, - деді Президент.

Мемлекет басшысыАзаматтардың экологиялық мәдениетін арттыру қажет екенін атп өтті. Бұл – өркениетті қоғамға тән өте маңызды құндылық.

– Бүгінде еріктілер елді мекендерді көркейтуге белсене атсалысып жүр. Олар былтырдың өзінде «Таза Қазақстан» аясында өткен 1300-ден астам іс-шараға қатысты. Сондай-ақ волонтерлер ағартушылық сипаттағы түрлі бастамаға ұйытқы болды. Осындай игі істер арқылы елімізде жаңа экологиялық мәдениет қалыптасып жатыр. Бұл бағыттағы жұмысты күшейте түсу керек, себебі экологиялық мәдениеттің жоғары болуы кез келген елдің озықтығы мен жасампаздығының айқын көрінісі. Ал Қазақстан ең дамыған елдердің қатарында болуы қажет, бұл – біздің ұлттық стратегиямыздың аса маңызды бөлігі. Әсіресе, кәсіби эковолонтерлерді даярлап, әр аймақта тұрақты ұжымдарды жасақтау өте маңызды. «Таза Қазақстан» қозғалысын ұлттық идея және мемлекеттік саясат ретінде міндетті түрде кеңінен дәріптеп, жалғастыру қажет, - деді Мемлекет басшысы.

Президент волонтерлер форумының ашылуымен құттықтады.

Соңғы жаңалықтар