Халықтың қалаға үдере көшуіне ауыл шаруашылығының дамымай тұрғандығы себеп – Самат Қыдырмолда
Ауыл шаруашылығы деп аты айтып тұрғандай, бұл сала бірінші кезекте ауыл халқының жағдайын жақсартып, тұрмысын тіктеуі тиіс. Алайда Шығыс Қазақстан облысында дәнді дақылдар уақтылы шабылмағандықтан шаруагерлер шығынға батып, мал ұстайтындар ет өткізетін орын болмағандықтан қиындыққа тап болған. Жалпы өңірде осы саладағы түйіні тарқатылмай тұрған түйткілді мәселелер аз емес. Бұл жайлы Kazinform агенттігінің тілшісіне сұхбат берген «Қазақстан фермерлері қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі ШҚО филиалы директорының орынбасары Самат Қыдырмолда айтып берді.
- Шығыс Қазақстанда ауыл шаруашылығының қазіргі ахуалы қандай?
- Ауа райының қолайсыздығына байланысты биыл бидай, арпа сынды дәнді дақылдар уақтылы шабылмай қалды. Ал шабылғаны жаңбырдан дымқыл болып, оны кептіруге тура келді. Бұл – қосымша шығын. Енді осының салдарынан табысы азайған фермерлер несиелерін төлей алмай жатыр. Жалпы әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты қазір бидайдың бағасы төмендеп кеткен. Фермерлерге көмек болсын деп «Азық-түлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ үшінші кластер бидайдың бір тоннасын 130 мың теңгеден, ал төртінші кластерді 105 мың теңгеден сатып алып жатыр. Негізі төртінші кластердің нарықтағы бағасы 50-60 мың теңге.
Мал шаруашылығында да мәселе көп. Шығыс Қазақстанда халық төрт түлік ұстайтын 9 ауданның бірде бірінде мал өткізетін орын жоқ. Күз келген сайын олар малды қайда сатарларын білмей дал болады. Алдағы жылы елімізден Қытайға тікелей ет өткізуге меморандум жасалып жатыр. Бірақ олардың талабы бойынша мал кем дегенде 6 ай бордақылау алаңында тұруы тиіс екен. Ал бізде ірі бордақылау алаңы жоқ. Облыстағы құзырлы басқарма өкілдері болса жиналыстарда бар деп есеп береді. Ауылдарды жиі аралап жүргендіктен ондағы ахуалды жақсы білемін. Сондықтан қазір жалған статистикамен алдарқататын уақыт емес, шынайы жағдайды айтуымыз керек! АҚШ-тағы сияқты бордақылау алаңдарын ашуымыз қажет. Ол жақта бұл сала қарыштап дамып кеткен. Бізде 10-20 мың малға арналған алаң ашуға келетін жерлер бар. Неге соны пайдаланбасқа?!
- Осы мәселелер шешімін табуы үшін не істеу керек?
- Соңғы уақытта Парламент депутаттары мінберден ауыл халқының жағдайы нашарлап кеткенін, олардың қалаға үдере көшіп жатқанын жиі айтуда. Ал бұның негізгі себебі – ауыл шаруашылығының дамымай тұрғандығы. Әсіресе шекаралық ауылдарды дамытудың маңыздылығы зор екендігі айтпаса да түсінікті.
Мал бордақылау алаңдарын ашқаннан кейін бізге ет комбинаты керек. Сонда шаруа қожалық иелеріне өте ыңғайлы болар еді. Осындай комбинатты Марқакөл ауылында салуға болады. Өзім соның жобасын да ойластырдым. Алда нақты ұсыныстар жасамақпын.
Бірақ бәрін жоққа шығаруға да болмас. Саладағы жағдайды өзгерту үшін қолға алынып жатқан шаралар да бар.
- Қазіргі уақытта өз тараптарыңыздан фермерлерге қандай көмек көрсетіп жатырсыздар?
- «Қазақстан фермерлері қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің мақсаты – осы салада тер төгіп жүрген жандарға жан-жақты көмек көрсету. Шаруа қожалықтарының мемлекет тарапынан берілетін қаржылық ресурстарға қол жеткізуіне жәрдемдесу, олардың техникалары мен жабдықтарын жаңарту.
Мәселен, қырдағы халық құжат жағынан осалдау, үкіметтің қолға алған бағдарламаларынан, фермерлерге жасалған жаңа мүмкіндіктерінен хабардар болмай жатады. Біз оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қажетті құжаттарды жинауға көмектесеміз.
Жоғарыда дәнді дақылдарды уақтылы шаба алмағандардың шығынға батып, несие төлей алмай жатқанын айттым ғой. Осы мәселені шешу үшін үкіметке хат жазып, төлем мерзімі бір жылға кейінге шегерілді. Бұл фермерлердің жүгін біршама жеңілдетті.
- Өңірде мал саны жыл сайын артуда ма, әлде азайып келе ме?
- Аздаған өсім байқалады. Жылқы саны былтыр 221 813 болса, биыл 222 102-ге жетті. Сиыр саны 2022 жылы – 243 205 бас, осы жылы – 248 922. Қой саны өткен жылы – 581 281, 2023 жылғы көрсеткіш бойынша 589 460-ты құрап отыр.
- Бруцеллез ауруы бойынша жағдай тұрақты ма?
- Соңғы 5-6 жылда бруцеллезбен ауырған мал көбейді. Мысалы, 2018 жылы Зайсан ауданы Шілікті ауылында бруцеллез ауруы өршіп, 2000-нан астам ірі қара карантинге жабылып, шектеулер қойылған еді. Қазір де бруцеллездің салдарынан соңғы малын сойып жатқандарды көріп жүрміз. Бірақ өзім ветеринар болмағандықтан оны былай емдеу керек немесе алдын алу үшін осылай істеу қажет деп ештеңе айта алмаймын.
- Биыл жем-шөп тапшылығы жоқ па?
- Бар. Жазда жаңбыр аз жауғандықтан халық малға жеткілікті мөлшерде жем-шөп жинай алмады. Мамандардың айтуынша, көктемде қуаңшылық салдарынан 1000 бас жылқы, 1100 бас ірі қара шығынға ұшыраған. Қазір бәрі малын сатып жіберуге тырысып бағуда. Бірақ алушы жоқ. Малы 6 ай бордақылау алаңында тұрмағаннан кейін оны шетелге де сата алмайды. Бір қызық айтайын, бүгінде елімізге сонау Уругвайдан жылқы еті келеді екен. Ресей мен Беларусьтан да ет аламыз. Ал өз халқымыз етін сата алмай жүр.
«Үмітсіз – шайтан» дейді ғой, алда жағдай оңалады деген сенімдеміз. Сол үшін титтей де болсын өз пайдамызды тигізгіміз келеді. Болашақта ауыл шаруашылығы дамып, халықтың жағдайы жақсарып, ауылдарымыз өркендейді деп сенемін!
- Әңгімеңізге көп рахмет!