Халқы өзара келісімде өмір сүріп жатқан мемлекетті ғана жарқын болашақ күтіп тұр - Н.Назарбаев

АНА. 28 қаңтар. ҚазАқпарат /Мұратбек Мақұлбеков/ - Сарабдал саясат жүргізіліп, халқы өзара келісімде өмір сүріп жатқан мемлекетті ғана жарқын болашақ күтіп тұр.

Халқы өзара келісімде  өмір  сүріп жатқан   мемлекетті  ғана жарқын  болашақ күтіп тұр  - Н.Назарбаев

Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жасаған кезекті Жолдауында мәлім етті.

«Биыл біз үшін ерекше қастерлі жыл. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына қадам бастық. Бодан жұртты бүгінгідей бостан күнге жеткіздік. Бұл жолда біз биік белестерді бағындырдық. Естеріңізде болар, 1997 жылғы алғашқы Жолдауымда мен: «2030 жылы біздің ұрпағымыз әлем таныған елде өмір сүретін болады» деген едім. Сол кезде менің айтқаныма күмән келтіргендер болды, бірақ біз ол жетістікке небәрі 12 жылдың аясында жетіп отырмыз. 56 мемлекет пен халықаралық ұйымдардың басшылары бас қосқан Астана саммиті осының айқын дәлелі», деп атап көрсетті Президент өз сөзінде.

Елбасы сондай-ақ Қазақстанның, шетелдердегі өз қандастарын жинап жатқан әлем елдерінің бірі екенін айтты. Шетелдерден 800 мыңнан астам қандасымыз Қазақстанға оралды және қазақтардың саны 1,5 миллионға артты. «Қол жеткізген тағы бір жетістігіміз жаңа елордамыз - Астананың бой көтеруі», - деді Н.Назарбаев.