Халық қаһарманы: Аты - Нұрғиса, заты - өнер, атасы - күй, анасы - ән

Бүгінде елімізде ол туралы жазылған шығарма да, оның күйшілік өнеріне қатысты халық арасында тараған аңыз да аз емес. Бұл қалың көпшіліктің біртуар ұлына берген бағасы десе болады. Әйтпесе көзі тірісінде ақын, жазушы, композитор атанып, өмірден қайтқан соң өзі де, жазған шығармалары да ұмыт болған, өздерін кезінде тәп-тәуір талант санап келген азаматтар аз емес.
Деректерге жүгінетін болсақ, бүгінде Н.Тілендиевтің артына жазып қалдырған мұралары 500-ден асады екен. Тарихта, оның ішінде қазақ тарихында да көзінің тірісінде бүкіл өмірін қасиетті өнерге арнап, соның жолында көрген-білгендерін кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырып кеткен айтулы тұлғалар аз болмаған. Алайда Нұрғисаның мұрасы олардан ешкімге ұқсамайтындығымен және шығармаларының бірін-бірі қайталамайтындығымен ерекшеленеді. Сөйте тұра оның туындылары тыңдаған жанға өзгенің емес, тек Нұрғисаның ғана жүрегінен шыққан дүние екендігін сездіріп тұрады. Оның мұраларының жанрлық ерекшеліктері де мүлдем бөлек. Оның репертуарынан ән дейсіз бе, күй дейсіз бе, опера, балет, романс сияқты саз өнерінде толып жатқан жанрлардың барлығын да табуға болады. Осы арқылы ол қазақтың қара домбырасын әлемге танытты. Нұрғиса домбыраны шертіп қана қоймай, оның тереңіне үңіліп қасиетті аспаптан шыққан әрбір дыбысты жан-тәнімен ұғынып, сезіне білген адам. Сондықтан да оның «Достық жолымен», «Менің Қазақстаным» сияқты кантатасы мен Қ.Қожамияровпен бірлесіп жазған «Алтын таулар» операсы, «Ата толғауы» күйі мен оркестрге арнап жазған өзге де туындылары халқының сүйіп тыңдайтын дүниелеріне айналды. Сондай-ақ оның «Аққу», «Аңсау», «Арман», «Әлқисса», «Қорқыт ата туралы аңыз», «Көш керуені», «Махамбет», «Фараби сазы» сияқты күйлері мен «Саржайлау», «Алатау», «Ақжайық», «Аққұсым», «Өз елім» сияқты әндері халқының ықыласына бөленді. Талантты сазгердің бұдан басқа 40-тан астам пьеса мен 20-дан астам фильмге жазған шығармалары бар. Н.Тіленидиев музыкасын жазған М.Әуезовтың, Т.Ахтановтың, Ә.Тәжібаевтың, пьесалары мен «Қыз Жібек», «Қилы кезең», «Менің атым Қожа», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр», «Ақсақ құлан», сияқты көркем туындылар әлдеқашан классикаға айналған.
Нұрғисаның композитор дирижер, орындаушы ретіндегі ойы көпке ортақ, баршаға түсінікті. Нұрғиса дәстүрлі қазақ музыкасының өңін өзгертпестен, оның қасиеттерін жоғалтпастан, өзгелерге жеткізе білді. Ол қазақ музыкалық мәдениетіндегі сал-серілік дәстүрдің соңғы тұяғы. Ол өз заманының идеологиялық өктемдігіне сыр бермей, табиғат берген төлтума қалпынан танбай, шығармашылық даралығын сақтап қалған тұлға. Оның бойына біткен асыл қасиеті дарын иесінің болашағына жастайынан-ақ жол салған көрінеді. Нұрғисаның жастық шағына қарап, осыны меңзейсіз. Алматы облысының Іле ауданына қарасты Шилікемер ауылында туып өскен оның қайтыс болған жері Жамбыл бабамыздың кесенесінің жанынан бұйырған.
Талантты жастың жастық шағында тәлім-тәрбие алған білім ошақтарының барлығы да саз өнерімен байланысты. Осыдан-ақ оның алдыға қойған мақсаттарының анық, өнерге деген ары таза, өзіне деген сенімділігінің мығым екендігін көрсетеді. Адамзаттың бойына біткен осындай асыл қасиеттерді бір бойына дарыта білген азаматтың қандай болмасын биіктерді бағындырмай қоймасы анық еді және солай болды да. Ол П.И. Чайковский атындағы консерваторияның дирижерлік факультетін бітіріп, Қазақтың Абай атындағы опера
және балет театрында, Құрманғазы атындағы Мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінде және өзінің тікелей ұйымдастыруымен дүниеге келген «Отырар сазы» халық аспаптары оркестрінде Бас дирижер болды. Сондай-ақ сазгер «Қазақфильм» киностудиясы музыка редакциясының Бас редакторы қызметін атқарған. Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, КСРО-ның халық әртісі атақтарының иегері. Ал 1998 жылы оған «Халық қаһарманы» атағы берілді.
Осыдан бірнеше ай бұрынАстанадағыПрезиденттік мәдениет орталығының концерт залында өткен Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығына арналған «Ұстаз аманаты» атты музыка кешінде аталған орталықтың директоры Мырзатай Жолдасбеков: «Нұрғиса Тілендиев ұлы композитор, ұлы дирижер, ғажап импровизатор. Ол - музыка өнеріндегі ерекше құбылыс. Аты - Нұрғиса, заты - өнер, атасы - күй, анасы - ән. Тілендиев - қазақ даласын сазға бөлеген жасампаз, музыка өнерінің таусылмайтын кені, тот баспайтын асылы, сарқылмайтын бұлағы, сөнбейтін шырағы, қалқайған құлағы, асқақ үні, алтын діңгегі, мінсіз ұстасы, өшпейтін өнегесі, азбайтын рухы. Ол - әннің тіккен туы, асқар тауы, күйдің соққан желі, қара дауылы, ақ бораны, әні елге ем болған балгер, бармағынан бал тамған арқалы домбырашы, кеудесінен күй қоздаған құдірет. Сондықтан да оның шығармалары туған халқымен мәңгі бірге жасай береді деген едім, 1999 жылы Алматыдағы Республика сарайында «Отырар сазы» оркестріне Нұрғиса Тілендиевтің есімі берілгенде. Сол сөзді бүгін де қайталағым келеді», - деген болатын.