13:02, 20 Қараша 2022 | GMT +5
Халық өзгеріс күтеді – Мейрам Қажыкен
АСТАНА. ҚазАқпарат – Президенттікке үміткер Мейрам Қажыкен елдегі кезектен тыс президент сайлауы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Астанадағы №66 мектеп-лицейде орналасқан №113 сайлау учаскесінде дауыс берген кандидат Мейрам Қажыкен сайлауға жақсы көңіл күймен келгенін айтты.
«Азаматтар өзгеріс болғанын қалайды. Әлеуметтік өзгерістер, экономикалық және саяси өзгерістер де айқын болуы қажет. Бүгін нағыз шынайы реформалар үшін дауыс бердім», - деп жауап берді Мейрам Қажыкен журналистерге.
Мейрам Қажыкеннің кандидатурасын «Аманат» Қазақстан кәсіподақтар достастығы» бірлестігі ұсынған болатын.
Үміткер бастаған топ Қостанай, Абай, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қарағанды, Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында, сондай-ақ Шымкентте сайлаушылармен кездесулер өткізген болатын.
Бүгін ол сағат 11.04-те өз таңдауын жасады.