18:14, 22 Қаңтар 2009 | GMT +5
Халық санағы ? ұлттық мәні зор іс-шара, сондықтан оған әр азаматтың белсенді қатысуы аса маңызды
ОРАЛ. Қаңтардың 22-сі. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - Елімізде ақпанның 25-і мен наурыздың 6-сы аралығындағы кезекті Ұлттық халық санағын сапалы деңгейде өткізу үшін өңірлерде ұйымдастыру-түсіндіру жұмыстары жалғасуда. ҚазАқпарат тілшісі Батыс Қазақстан облыстық статистика департаменті бастығының орынбасары Болтай Әлімбаеваға бірнеше сауал беріп,

осы өңірдегі ұлттық санаққа дайындық барысын білген еді.
-Болтай Мәжитқызы, сөз басында елімізде осыған дейін жүргізілген санақтар қорытындысына тоқталып, алдағы халық санағының ерекшеліктері неде екендігін айтып берсеңіз?
-Ел аумағында бірінші жалпыға бірдей халық санағы 1897 жылы өткізілді, ол кезде Қазақстан Ресей империясының құрамында еді. Одан кейін Бүкілодақтық санақтардың 1926, 1939, 1959, 1970, 1979 және 1989 жылдары болғаны мәлім. Саяси және экономикалық қайта құрулар барысында, кейінгі онжылдықта болған өзгерістер халыққа және демократиялық процестерге айтарлықтай әсер етті. Елдің дамуы туралы шынайы және толық статистикалық ақпарат алу мүмкіндігінің маңыздылығын түсіне отырып, сондай-ақ БҰҰ ұсынысымен ҚР Министрлер кабинеті 1999 жылы бірінші Ұлттық халық санағын өткізу туралы шешім қабылдады. Биыл Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан бері екінші санақ өткізілгелі отыр.
Аталмыш науқан алдымен «елімізде қанша адам тұрып жатыр», «олардың ішінде ерлер мен әйелдердің, балалар мен қарттардың үлесі қандай», «еліміздің аумағында қанша және қандай ұлт өкілдері бар», «қазақстандық отбасылардың табыс деңгейі қандай деңгейде» деген сияқты өзге де көптеген сұрақтарға жауап алу үшін қажет. Бұл көрсеткіштердің барлығы Қазақстанның ішкі мемлекеттік құрылымының айқын статистикалық әлеуметтік-экономикалық бейнесін көрсетеді. Санақ нәтижелері өз кезегінде мемлекетке болашақта саяси бағытты нақты деректердің негізінде айқынырақ құруына мүмкіндік береді.
-Облыста халық санағына байланысты қандай әзірлік шаралары жүргізілді?
-Халық санағына байланысты үлкен дайындық, ұйымдастыру, әдістемелік жұмыстар жасалып жатыр. Облыста халық санағын толық қамтитын бірқатар іс-шаралар өткізілді. Әкімшілік-аумақтық бірліктердің шекаралары және тізбесі нақтыланып, көше атаулары, үйлердің нөмірлері ретке келтірілді, картографиялық материалдар дайындалды. Сондай-ақ тіркеушілердің тұрғын жайларды аралау қорытындысының мәліметтері бойынша үйлердің тізімі және елді мекендердегі тұрғындар саны анықталды.
Өңірде санақ жұмысына 2,5 мыңдай адам тартылмақ. Іс сапалы болуы үшін санақ кадрларын таңдауға ерекше мән берілді. Қазіргі таңда есепшілер, нұсқаушы-бақылаушылар және санақ бөлімдерінің меңгерушілерін іріктеу толықтай аяқталды. Облыста барлығы 63 санақ бөлімі болса, бұлар 2007 есептік және 501 нұсқаушылық учаскелеріне бөлінген.
-Санаққа орай халық арасында нендей түсінік жұмыстары атқарылды?
-Халық санағына орай облыс жұртшылығы арасында үлкен бұқаралық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, 2009 жылғы халық санағын өткізу туралы ақпараттар облыс әкімі және статистика департаментінің сайтына орналастырылып, кезеңімен жаңартылып отырады. Жергілікті телерадиоарналарда халық санағын өткізу туралы жарнамалық роликтер күн сайын көрсетіле бастады, халық санағына жәрдемдесу комиссиясы мүшелерінің, статистика департаменті басшылары мен мамандарының сұхбаттары мемлекеттік және орыс тілінде берілді. Облыстық және аудандық газеттерде де аймақ халқын алдағы болатын халық санағы, санақтың мақсаты мен міндеті туралы ақпараттар үздіксіз жариялануда.
-Санақ кезінде қандай мәліметтер есепке алынады және оның алғашқы нәтижелері қашан жария болады?
-Санақ барысы кезінде азаматтың жасы және жынысы, некелік жағдайы, ұлты, білім деңгейі, үй шаруашылығының мөлшері және олардың саны, тілдерді білу деңгейі, жұмыспен қамтылуы және басқа да мәліметтер алынады.
Халық саны бойынша алғашқы алдын ала қорытындылар 2009 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап жарияланады. Осы кең ауқымды іс-шара барысында алынған деректер 2009-2010 жылдар бойы өңделіп, қорытындысы халық санағының бірыңғай ақпараттық базасына енгізіледі. Сондай-ақ жасалған жұмыс нәтижелері бойынша 2011 жылға қарай 2009 жылғы ұлттық санақ деректері бойынша талдамалы есеп шығару жоспарлануда.
-Халық санағына байланысты қарапайым тұрғындардың жауапкершілігі, азаматтық парызы қандай деп түсінесіз?
-Санақ барысында жиналған барлық ақпараттар құпиялы болып табылады, ол тек жиынтық мәліметтер алу үшін пайдаланылып, азаматтардың жеке мүддесіне ешқандай нұқсан келтірілмейді. Статистика органдары ел тұрғындарының халық санағына толық қатысуын ғана емес, сондай-ақ әрбір адамның барлық сауалға дұрыс және нақты жауап беруін өтінеді. Өйткені халық санағы ? ұлттық маңызы зор іс-шара. Санақтың табысты өтуі халықтың санақ мақсаты мен міндеттерін, оның маңызын түсінуіне байланысты. Санақ еліміздің әр азаматының белсенді қатысуын талап етеді. Сондықтан әркім де ел алдындағы азаматтық парызын түсіне білуі шарт. Бұл, түптеп келгенде, бәріміз үшін қажет.