16:56, 24 Қаңтар 2009 | GMT +5
Халық санағына қатысатын мекемелер мен кәсіпорын қызметкерлерінің еңбекақылары сақталады
АҚТАУ. Қаңтардың 24-і. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Маңғыстау облысында халық санағына мекемелер мен кәсіпорындардан бөлінген барлық қызметкерлердің еңбекақылары сақталатын болды.

Облыстан ұлттық науқанға қатысатын 47 бөлім меңгерушінің, 381 нұсқаушы-бақылаушының және 1535 санаушының 35 пайызы кәсіпорындардан бөлінген қызметкерлер, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық Статистика департаментіне сілтеме жасап. «Облыс әкімдігінен санаққа қатысатын мекеме мен кәсіпорын қызметкерлерінің еңбекақыларын сақтап қалуға ықпал ету туралы өтініш еткенбіз. Облыс әкімдігі қолдау білдіріп, өз кезегінде мекемелер мен кәсіпорындарға шықты. Мәселен, бір Ақтау қаласының өзін айтсақ, мұнда 147 нұсқаушы-бақылаушы болады. Соның 77-сі кәсіпорын, мекеме қызметкерлері. Олардың арасында «Ақтау халықаралық теңіз-сауда порты», «ҚарақұдықМұнай», «Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті» қызметкерлері бар. Қалған 70 нұсқаушы-бақылаушы жұмыссыздар»,- дейді облыстық Статистика департаменті бастығының орынбасары Шолпан Ризақызы. Кәсіпорын қызметкерлері жұмыстарынан 3-4 айға босатылған. Одан бөлек оларға санақ жұмыстары үшін де жалақы төленетін болады. Санақ бөлімінің меңгерушілері 26680 теңге, нұсқаушы-бақылаушылар 24392 теңге, санаушылар 19957 теңге айлық алмақ.