12:16, 29 Қаңтар 2009 | GMT +5
Халық санағының мәліметтері мемлекеттік басқарудың қажеттіліктері үшін өте маңызды - Алматы қаласының Статистика департаментінің бастығы Д. Раисов
АЛМАТЫ. Қаңтардың 29-ы. ҚазАқпарат /Елена Ильинская/ - 2009 жылғы Ұлттық халық санағының «Әрбір адам маңызды» деген ұраны Үкіметтің өз халқына деген көзқарасын атап көрсетеді.

Алматыда халық санағына әзірлік жұмыстары қалай жүріп жатқандығы туралы ҚазАқпарат тілшісіне Статистика жөніндегі департаменттің бастығы Данар Раисов әңгімелеп берді.
- Қандай істер атқарылды және жұмыс барысында қандай қиыншылықтар кездесті? - Қазіргі уақытта Халық санағына егжей-тегжей дайындық жүргізіліп жатыр. Алматы қаласының Статистика басқармасы белгіленген іс-шараларды орындау үшін қала аудандарының санақ бөлімдерімен тығыз байланысты жұмыс істеуде. Халық арасында бұқаралық-насихаттау жұмыстары жүргізіліп жатыр, газеттерде мақалалар жарияланды, телеарналар арқылы тақырыптық роликтер көрсетілуде, қала бойынша хабарландырулар мен басқа да насихаттау материалдары орналастырылды.
- Қалаға сырттан келгендер, студенттер, жатақханаларда тұрып жатқандар және ресми тіркелген мекен-жайларында тұрмайтын адамдар қалай түгенделеді? - Барлық адамдар ресми тіркелген мекені бойынша емес, іс жүзінде тұрып жатқан жайлары бойынша санаққа алынады. Санақ жұмыстарын арнайы санақшылар үйдің әрбір ересек мүшесіне ауызша сауал қою арқылы жүргізеді. Отбасының бір-бір мүшесімен жеке кездесу мүмкін болмаған жағдайда, жауапты отбасының кез-келген басқа мүшесі бере алады. Санақ кезінде сол жайда уақытша тұрып жатқан Қазақстан Республикасының азаматы үшін екі данамен Бақылаушы фишкасы (қағазы) толтырылады. Қажет болған жағдайда (кейбір адамдардың тұрақты мекен-жайы бойынша мәлімет беретін ешкім болмаса), 3С бланкі және санаққа алынғандығы туралы анықтама толтырылады. Уақытша тұрып жатқан шетелдік азаматтарға 4И санақ парақшасы толтырылады. Жоғары оқу орындарының студенттері мен техникалық және кәсіптік училище-техникумдардың оқушылары оқу орындарының мекен-жайлары бойынша (оның ішінде студенттік жатақхана бойынша) санаққа алынады. Ал тұрақты мекен-жайлары жоқ адамдар (қаңғыбастар, бір жерден екінші жерге жиі көшіп жүргендер) санақ кезінде тұрып жатқан орындарында есепке алынады. Статистика басқармасы Ішкі істер департаментімен бірлесе отырып, аталған тұлғалардың болуы мүмкін орындарын анықтау және оларды әлеуметтік бейімдеу және оңалту орталықтарына жинауды ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуде. Санақтың нәтижелі өтуі халықтың бұл шараның мемлекет үшін қаншалықты маңызды екенін сезінулеріне байланысты. Санақ барысында жиналған барлық мәліметтер конфиденциальды болып табылады, олар тек жинақ мәліметтерін алу үшін пайдаланылады және ешбір азаматтың жеке мүддесіне әсер етпейді.
- Кадр мәселесі қалай шешілуде, қанша санақшы жұмысқа алынып отыр? Олар арнайы оқытылады ма? - 2008 жылдың соңынан бастап аудандық бөлімдер санақшы кадрларды жұмысқа ала бастады, бұл жұмыс 2009 жылғы ақпанның 1-іне дейін аяқталуы керек. Қаңтардың 26-сы күнгі жағдай бойынша, Алматы аудандарының барлық санақ бөлімдері жетекшілерімен толымданып бітті, нұсқаушы-бақылаушыларды жұмысқа алу жоспары - 98 пайызға, санақшыларды алу жоспары - әзірге 87 пайызға орындалып отыр. Күн сайын аудандық статистика бөлімдерінде ұлттық санақтың методологиялық мәселелері, ұйымдастыру шаралары мен санақ барысын бақылау жұмыстары бойынша оқу семинарлары өтеді, санақ бланктерін толтыру бойынша машықтану сабақтары өткізіледі. Дайындалған 60 жаттықтырушының қатысуымен қаңтардың 16-сында Алматыдағы санақ бөлімдері меңгерушілерімен, барлығы 160 адаммен таныстыру сабағы өткізілді.
- Халық санағының маңыздылығы неде және алынған мәліметтер қанша уақыттың ішінде өңделіп бітеді? - Санақты өткізудегі мақсат - еліміздің экономикалық мәселелерін ұйымдастыру үшін халықтың саны, құрамы және олардың орналасуы туралы мәліметтер жинау. Халық санағының мәліметтері орталықта және жер-жерлерде мемлекеттік басқарудың қажеттіліктері үшін өте маңызды. Сондықтан да, әрбір елді мекендегі және әрбір аумақтағы халықтың саны мен құрамын білу өте қажет. Еңбекке жарамды жастағы ер азаматтар мен әйелдердің санын, олардың кәсіптік дайындықтарын, білім деңгейлерін білмей, мемлекеттің және оның жекелеген ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуын жоспарлау мүмкін емес. Алдағы 5,10 және 20 жылда қанша адамның еңбекке жарамды жасқа аяқ басатынын және қаншасы ол жастың аясынан шығатынын білу керек. Қорыта айтқанда, халық санағы - халық туралы мәліметтердің негізгі дерек көзі. Халық саны бойынша алғашқы алдын-ала қорытындылар 2009 жылдың екінші жартысынан бастап жариялана бастайды. Санақ барысында алынатын мәліметтер 2009-2010 жылдары өңделеді, одан кейін оның қорытындысы халық санағының біртұтас ақпараттық базасына енгізіледі. Санақ мәліметтері бойынша арнайы аналитикалық есеп шығару да жоспарланып отыр.
- Сұхбатыңызға рахмет.