ХАЛЫҚ ТАРИХ ТОЛҚЫНЫНДА: Тарихты дұрыс зерттемесек, елімізде дұрыс идеология болмайды - профессор Зиябек Қабұлдинов

АСТАНА. 19 шілде. ҚазАқпарат - Отансүйгіштік сана-сезімді тәрбилеуде Қазақстан тарихының алатын орны ерекше. Тарих ғылымының тыңғылықты зерттелуі қоғамымыздың дамуына сүбелі үлес қосатыны анық. Сондықтан да мемлекет тарапынан өткеніміз бен бүгінімізді мұқият саралау үшін салмақты қадамдар жасалуда. Осы орайда біз тарих ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, «Еуразия» гуманитарлық ғылыми зерттеулер орталығының директоры Зиябек Қабұлдиновты әңгімеге тартқан едік.

ХАЛЫҚ ТАРИХ ТОЛҚЫНЫНДА: Тарихты дұрыс зерттемесек, елімізде дұрыс идеология болмайды - профессор Зиябек Қабұлдинов

- Жақында Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин мырзаның көтерген мәселелері Қазақстанның тарихшыларына өте қатты әсер етті. Себебі, Егемендік жылдарында бұндай жиналыс болмапты, тарих ғылымы мен білімі осындай жоғары деңгейде талқыланбапты. Атап айтқанда, қазіргі қоғам мен биліктегі азаматтар осы бағытта қордаланған мәселелерді түсіне бастады. Егер де біз тарихты дамытпасақ, оны дұрыс зерттемесек, тарихи сананы қалыптастырмасақ, елімізде дұрыс идеология болмайды. Ал идеология тұрғысында тыңғылықты жұмыстар атқарылмаса, ертең мемлекетке әр жақтан теріс әсерлер зиянын келтіруі мүмкін, теріс ағымдар белең ала бастайды. Мәселен, кеңестік кезеңде ауданда, қалада, облыста үшінші хатшы міндетті түрде тарихшы болатын. Яғни, ол идеологияға жауап беретін. Өкінішке қарай, бізде осындай қызметкерлер аудандық, облыстық әкімдіктерде жоқ. Осы орайда біз бүгіндегі кемшіліктерді байқап отырмыз.

- Жоғары оқу орнында көп жылдардан бері қызмет атқарып келе жатырсыз. Сіздің ойыңызша елімізде тарих кафедралары жеткілікті ме?

- Мемлекеттік хатшы өзінің баяндамасында осы мәселені де қозғап өтті. Оның ішінде М. Тәжин тарихи кафедраларды жабуды тоқтатып, керісінше оларда қайта жандандыру мәселесін көтерді. Республика бойынша бүгінде жиырма шақты тарих кафедралары қалды. Өкінішке қарай, тарих факультеттері жабылды. Алысқа бармай-ақ, мына өзіміз жұмыс істеп жүрген Еуразия ұлттық университетінде 30 жыл бұрын, яғни кезінде Целиноград педагогикалық институты болып тұрған кезде тарих факультеті болған еді. Ал қазір біз ұлттық университетпіз және бұл оқу орны белгілі тарихшы Лев Гумилевтің атымен аталған. Сонымен қатар біздің университеттің ректоры Ерлан Бәтташұлы да тарих ғылымдарының докторы. Осыған қарамастан соңғы күндерге дейін тарих факультеті бізде жасақталған жоқ. Енді осыдан кейін алдағы уақытта ЕҰУ-да және басқа де белді жоғары оқу орындарында тарих факультеттері ашылады деген сенімдемін.

- Маман ретінде кадр дайындау үдерісін қалай бағалар едіңіз?

- Бүгінде Қазақстанда тарихтан бакалавр, магистр және РhD докторанттары даярланады. Алайда, бұл тұста кейбір олқылықтар бар екенін айтқым келеді. Мәселен, 4 жылдық бакалавриаттағы студенттерге барша Қазақстан бойынша 60 қана мемлекеттік грант бөлінеді. Осы орайда еліміздің әр өңіріндегі оқу орындарына грантты иеленген студенттер тараған кезде, бір университетте тарихтан толық топтар жасақталмайды. Бұл тұрғыда топта 3-4 адам отырса, аудиторияда ұстазға немесе шәкіртке ыңғайсыздау болады. Және осындай ыңғайсыз жағдайдан студентте комплекс пайда болады. Содан кейін тарихқа көңіл бөлмей, осы мамандыққа оқуға түскісі келмейді.

- Ақылы бөлімге түсуге ниеттілер аз ба?

- Бүгінде ата-аналар тарапынан балаларын тарихты ақылы негізде оқытуға құлшынысы көңіл көншітпейді. Мен бірнеше жылдан бері қабылдау комиссиясына қатысып келе жатырмын. Сонда аңғарғаным, тарихтан ақылы топқа ата-аналары балаларын жібергісі келмейді. Олардың пайымынша, бұл мамандық бойынша балалары ертең мектеп мұғалімі болып, шектеліп қалады. Сондықтан да ата-аналар көбінесе заңгерлік, экономика мамандықтарына талпынады. Осы орайда топтағы студент саны бойынша жағдайды өзгерту керек. Бұл тұрғыда грант көлемін көбейту қажет немесе Қазақстандағы 6-7 жоғары оқу орнына ғана тарихшыларды дайындауға рұқсат беріп, топтастыру керек деп санаймын. Осылай жасамаса болмайды, өйткені кейбір оқу орнында тарихшыны даярлауға лицензиясы болғанымен, топқа бір ғана бала келеді. Ал ақылы бөлімнің жағдайын жаңа жоғарыда айтып өттім.

Енді магистратура мен докторантура соңғы жылдары қолға алынып жатыр, дегенмен де мұнда бір кемшілік бар. Себебі, біз бакалавриатқа студенттерді қабылдау кезінде бір орталықтан Білім және ғылым министрлігінің және құқық қорғау органдарының бақылауымен тестілеу мемлекеттік құпия дәрежесінде жүзеге асырылатын болса, ал магистратураның, докторантураның жағдайы сәл басқаша және бұл ертең бір тығырыққа алып барады. Атап айтқанда, магистратура мен докторантураға түсуге екі емтихан тапсырылады. Біріншісі, ағылшын тілінен тестілеу бір орталықтан тапсырылады. Бірақ мұнда бакалавриаттағы секілді құпиялық жоқ. Екінші емтихан - таңдаған мамандығына байланысты. Ондағы тестілерді тиісті кафедралар әзірлеп, оны деканатқа өткізеді. Жалпы, бұл жерде субъективті фактор деген бар. Осы орайда тамыр-танысқа көмек жасалуы мүмкін. Ал басқа өңірлерден тарихтан бакалавриатты бітірген мықты жастар келсе де, олар магистратураға түсе алмай кері қайтуы ықтимал. Атап айтқанда, магистратура мен докторантурада Ұлттық бірыңғай тестілеу кезіндегідей тест тапсырмаларының құпиялығы болу тиіс. Олай болмаса, жылдан жылға магистранттар мен докторанттардың деңгейі төмендей береді. Шынын айту керек, қазір олардың көбі ағылшын тілін білмейді. Субъективті фактормен оқуға түсіп кеткендер, ертең тарих ғылымның көшін қалай бастай алады?

- Оқулық проблемасы жайында жиі айтылатыны белгілі. Бұл бағытта қандай қадамдарды жүзеге асыру керек деп ойлайсыз?

- Мен 8-сынып «Қазақстан тарихы» оқулығының авторымын. 2008 жылы бірінші басылымы, ал екінші басылымы 2012 жылы шықты. Мектептегі әріптестерімнің айтуынша, екінші басылым жақсылау секілді және болашақта бұдан ары қарай жақсара түседі деп пайымдаймын. Әрине, оқулықтар бойынша көп жұмыс жасау қажет. Себебі, әр сыныптардағы оқулықтарды жазу тілі күрделі деген сындар жиі айтылады. Сонымен қатар екінші мәселе - мектеп сыныптарында ол кітаптардағы тақырыптардың бір бірін қайталауға байланысты. Сондықтан бір орталықтан бірыңғай стандарт жасау керек. Бұл тұрғыда тақырыптар мен мазмұны, мағынасы қайталанбауы тиіс.

Бұдан басқа, оқулық жазатын авторларға гонорар көлемі төмен. Менің білуімше, бізде 5-7 пайыздан асырмайды. Еуропа мен АҚШ-та оқулық үшін гонорар 15-20 пайыздан асады. Қаржының қомақты бөлігі тендерді ұтып алған баспаларға бағытталады. Сонымен қатар кітапқа фотосуреттерді автордың өзі дайындауға мәжбүр болады. Осы жұмысқа баспа немесе тиісті институттар жұмылдырылуы қажет. Мұнымен қоса, оқулық авторларын Қазақстан және шетелдегі мұрағаттар мен мұржайларға міндетті түрде жіберіп отыру керек. Бұндай жағдайлар жасалмаса, мектеп кітаптарының мазмұны нашар болатыны хақ.

- Тарихи тұлғалардың туған жылына байланысты немесе тарихи оқиғалардағы сандарға қатысты талас-тартыстар болып жатады. Ұлттық тарихта бұрмаланған тұстар көп пе?

- Мәселен, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық, Ұлы Отан соғысы, сондай-ақ басқа тарихи оқиғалар жайында әртүрлі сандар келтіріліп жатады. Осы бағытта әлі де нақты зерттеулер жүргізу керек. Бұл тұрғыда мен украиндықтардың тәжірибесіне тоқталғым келеді. Оларда 5-6 жыл бұрын ашаршылық нәубетін зерттеу аясында мемлекеттің әр облысы мен ауылдарында санақ жүргізу үшін арнайы комиссия жұмыс істеді. Сонда қанша адамның өмірі қиылғанын, әр азаматтың аты-жөні, жасы, қаза болған күні туралы толық ақпарат жинап алды. Осы орайда бізге де елді мекендерді аралап, өлкелік мұрағаттардың деректерін пайдаланып, қариялардың есінде қалған мәліметтерді алып, хрестоматиялар шығару керек. Атап айтқанда, жазда не құрылыс жасағына немесе көгалдандыу жасақтарына қосылмай сенделіп жүретін студенттер баршылық. Осы студенттерге арнайы стипендия төлеп, оларды бүкіл ауылдарға, қалаларға жіберіп, ашаршылық, қуғын-сүргін құрбандары жайында, Ұлы Отан соғысында хабарсыз кеткендер мен есімдері аталмай қалғандар туралы анықтауға мүмкіндік бар.

Тарихқа құрметпен қарауға итермелейтін тетіктері көп. Бұл жерде мен АҚШ-тың тәжірибесіне тоқталғым келеді. Олар жауапты мемлекеттік қызметке қабылдауға дейінгі сынақтағы сұрақтардың 25 пайызын АҚШ-тың тарихына байланыстырады. Егер азамат өзінің тарихын білсе, мемлекеттік қызметке тартылады. Өкінішке қарай, бізде соңғы жылдары ғана осы мәселе көтерілуде. Әрине, заңдарды, бағдарламаларды білу керек, алайда егер азамат тарихын білмесе, онда қызметке дұрыс бағдар мен болжам жасай алмайтын мамандар келеді.

- Әңгімеңізге рахмет!