12:02, 16 Қаңтар 2009 | GMT +5
Халық ведомство басшыларына жүктелген міндеттер туралы білуі тиіс ? Үкімет басшысы
АСТАНА. Қаңтардың 16-сы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Қоғам және бұқаралық ақпарат құралдары алдағы екі жылда еліміздегі тұрақтандыру саясатын жүргізу саласындағы министрлік пен агенттік басшыларына жүктелген мақсат-міндеттер туралы жан-жақты білуі тиіс.

Бүгін ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің жыл қорытындысына арналған кеңейтілген алқа отырысында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Жыл басынан бері біз жаңа бюджеттік кодекс аясында қызмет етіп келеміз. Осы құжатқа сәйкес, мемлекеттік органдар мен ведомство басшыларына көптеген мәселелер бойынша өз еркімен шешім қабылдауға құқық берілген. Егер бұған дейін қандай да бір мәселе бойынша Үкіметтің қарауы қажет болса, бүгінде министрлік пен агенттік басшылары өз еркімен тиісті ұйғарымдарды жасай алады. Осыған орай Үкіметке қарасты барлық ведомстволардың алдына Дағдарысқа қарсы мемлекеттік бағдарламада, сондай-ақ Үкімет пен ведомство басшылары арасындағы келісімшарттарда көрсетілген міндеттер қойылып отыр. Аталған құжаттар тиісті органдардың электронды сайттарында тұруы тиіс. Қоғам және бұқаралық ақпарат құралдары алдағы екі жылда еліміздегі тұрақтандыру саясатын жүргізу саласындағы министрлік пен агенттіктерге жүктелген міндет-мақсаттар туралы білуі керек. Ал екі жылдан кейін біз осы міндеттер жүктелген ведомство басшысынан атқарылған жұмыстар бойынша толыққанды есеп алатын боламыз», - деді К.Мәсімов.