Халықаралық іздеу жарияланған 17 жастағы түркістандық өзге өңірден табылды

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Халықаралық іздеу жарияланған түркістандық келіншек Жамбыл облысының Жаңатас қаласынан табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Түркістан облысында бір ай бұрын жоғалған 17 жастағы келіншекке халықаралық іздеу жарияланған болатын. Назым Алдаш есімді Сауран ауданының тұрғыны ауруханаға кеткен бойда қайта оралмаған.

Бүгін Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі Назым Алдаштың аман-есен табылғанын мәлім етті.

«Іздеу жұмыстарына Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов бастаған тәжірибелі полицейлер тобы жұмылдырылды. Сонымен қатар, аудандық полиция басқармасынан, бөлімдерінен де полицейлер тартылды. Бұған дейін Сауран аудандық полиция бөлімінің полицейлері ақпараттар бойынша Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы, Тараз, Шымкент, Алматы қалаларына іссапармен шығып, іздестірген болатын. Алайда іздеу жұмыстары нәтиже бермеген соң, жоғалған жанды табуға еріктілер де қатысты», - делінген өңірлік Полиция департаменітінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Полицейлердің айтуынша, Назым азаматтық некедегі жұбайымен бірге жүрген. Қазір жас келіншектің із-түзсіз кетуінің себебі жан-жақты тексеріліп жатыр.

«Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда. Осы тұста жоғалған жанды іздеуге көмектескен әрбір адамға шексіз алғысымызды айтамыз», - дейді полиция қызметкерлері.


Соңғы жаңалықтар