17:49, 21 Қыркүйек 2011 | GMT +5
Халықаралық конференцияның дайындығы жөнінде жұмыс тобының отырысы өтті
ТАНА. 21 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Әмзебек Жолшыбеков алдағы аптада өтетін халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның дайындығы жөнінде жұмыс тобының отырысын өткізді, деп хабарлайды Мәжілістің Баспасөз қызметі.

Отырыста аталған комитеттің хатшысы Виктор Рогалев қандай іс-шаралар атқарылып жатқанын баяндап берді. Мәжіліс Аппаратының салалық бөлімдеріне конференцияны ұйымдастыруға қатысты бірқатар міндеттер жүктелді.
Қазақстан Республикасы Парламенті ұйымдастыруымен 29 қыркүйекте болатын «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан: Тәуелсіздікке 20 жыл» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға шетелден бірқатар парламентшілер, ғалымдар мен сарапшылар шақырылған.
«Қазақстан мемлекетінің 20 жылдағы өркендеу жолы, қол жеткізген табыстары жария етілетін алқалы басқосуды жоғары деңгейде өткізу - баршамыздың абыройлы міндетіміз»,- деді Әмзебек Жолшыбеков.