Халықаралық Қызыл Жарты Ай қоғамы балаларға арнап қайырымдылық іс-шарасын өткізді
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл атаулы күн Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясы сессиясынының шешімімен 1949 жылдың қараша айында қабылданды. Ал 1950 жылы 1 маусымда тұңғыш рет атап өтілді. Бүгінгі мереке ересектер үшін балаларға үнемі қамқорлық жасау және әрдайым қорғап жүруге жауапты екендіктерін еске салатын күн болып табылады.
Шараны мұражай басшылығы мен Халықаралық Қызыл Жарты Ай қоғамының Алматы қалалық комитет-филиалы Балаларды қорғаудың халықаралық күніне орай ұйымдастырды. Мұндағы басты мақсат жеткіншектерді рухани қолдап, олардың оптимистік көңіл-күйлерін көтеру. Ал демеушілік көрсеткен «Lemonadoff Food», «Голд Продукт», «Сұлтан-маркетинг» компаниялары мен «Ақсай» нан комбинаты өз өнімдерінен көрме ұйымдастырып, балаларға тегін үлестірді.
Қайырымдылық жобасы барысында кішкентай таланттардың концерттік бағдарламалары орындалды. Сонымен қатар, «Улыбка» қуыршақ театры, Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесі және «Орленок» әскери-патриоттық клубының өрендері өнерлерін көрсетті.