Халықаралық олимпиада күнінде республиканың бірқатар қалаларында олимпиадалық жүгіруден бұқаралық жарыс өтеді
АСТАНА. Мамырдың 20-сы. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Халықаралық олимпиада күніне орай мамырдың 22-сі күні республиканың ірі қалаларында олимпиадалық жүгіруден бұқаралық жарыс өтеді.
Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Шараның ең тартымды, басты оқиғасы Астана мен Алматы қалаларында өтеді. Астанада бұл шараға шамамен 5 мың адам, ал Алматыда «Астана» стадионында 8 мыңнан астам халық қатысады деп күтілуде», дейді Е. Қанағатов. Оның атап көрсеткеніндей, олимпиадалық жүгіру Қазақстанның Петропавл, Павлодар сынды ірі қалаларында да өтпек. Қарапайым халықпен қатар жүгіру алаңдарына олимпиада чемпиондары, депутаттар, қоғам қайраткерлері де шығады.
Жасөспірімдерге арналған жекелеген жарыстар 400 және 500 метрлік, бозбалалар мен бойжеткендерге - 1000 метрлік, ал ересектерге 2400 метрлік қашықтықтарда өткізіледі. Қатысушыларға Ұлттық олимпиада комитеті арнайы сыйлықтар дайындады.
Сенбі күні, сағат 10:00-де Астанада Қ. Мұңайтпасов атындағы стадионда, Алматыда «Астана» спорт кешенінде басталатын осы бұқаралық-спорттық шараны ҚР Туризм және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі және ҚР Ұлттық олимпиада комитеті қолға алып отыр.
1894 жылы маусымның 23-і күні Халықаралық олимпиада комитеті құрылған болатын. Халықаралық олимпиада күні ресми түрде 1948 жылдан бастап тойлана бастады. Биыл Қазақстан халқы бұл күнді дәстүр бойынша ертерек, мамырдың 22-сі күні атап өтеді.