Халықаралық орман күні – Ұлытау ұлттық паркінің қызметкері әріптестерін құттықтады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің орманшылық басшысы Азамат Бейсалы Халықаралық орман күні қарсаңында өз мамандығы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«16 наурызда Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауындағы ауқымды саяси реформалар еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіруге де қатысты болмақ. Осы ретте Президент Абай және Ұлытау облыстарын құруды ұсынды. Бұл облыстардың орталықтары Семей және Жезқазған қалалары болады. Құрылғалы отырған жаңа Ұлытау облысының «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде орманшылық басшысы қызметін атқарамын. Ұлт ұясы Ұлытауға облыс мәртебесі берілуі Ұлытау халқының еңсесін көтерері анық», - деді А. Бейсалы.

Ол 2020 жылы Орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі Ұлытау шаруашылығы КММ-не жұмысқа қабылданып, Ұлытау орман шаруашылығының дамуына үлес қосып келеді.
«2021 жылы «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі құрылды. Ұлттық парк құрылғаннан кейін орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақылары да едәуір ұлғайды. Президенттің елімізді жасылдандыру саясаты бойынша егілетін 2 млрд ағаш отырғызу бастамасына біз де үлесімізді қосып, жаңа Ұлытау облысының көгалдандыру ісінде аянбай қызмет жасаймыз. Орман шаруашылығы – экономиканың бір саласы. Ормандарды зерттеу, есепке алу, ағаштар мен бұталардың тұқымынан және көшеттерден орман өсіру, орманды жаңартып отыру, сүрек дайындау, оны кесіп, реттеу, тәлімбақтарда көшет өсіру, суландыру, орманды өрттен, зиянкестер мен түрлі аурулардан қорғау – әрбір орманшының басты міндеті. Қорыта келе, барлық әріптестерімді 21 наурыз күнгі Халықаралық орман күнімен, 22 наурыз Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаймын», - дейді Азамат Бейсалы.