Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Халықаралық орталыққа айналған Астананың бүгінгі тағылымымен ертеңгі ұрпақ та мақтанатын болады

АНА. 6 шілде. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Мүшел жасқа енді шыққан Астана аз ғана жылдың ішінде әлем таныған әсем қалалардың қатарынан көрінді. Әлем Астананы Қазақтың бас қаласы ретінде танып қана қойған жоқ, Еуразия кіндігіндегі ең белсенді орталыққа айналғанын да мойындап отыр.

Халықаралық орталыққа айналған Астананың бүгінгі тағылымымен ертеңгі ұрпақ та мақтанатын болады

Былтырғы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп, Астана саммитін өткізгелі бері Елорданың мерейлі мәжілістер өткізе алатын деңгейі қуаттала түскендей болды. Бұған мысал ретінде ағымдағы жыл басынан бері дүйім елдің назарын өзіне аударып, әлемдік деңгейдегі жаңалықтарға толы болып өткерілген іс‑шараларды атасақ та жеткілікті. Айбарымызды асқақтатқан Азиаданы қоспағанда халықаралық саяси һәм экономикалық маңызды мәселелер талқыға салынған жиындар, жоғары деңгейде халықаралық шешімдер қабылданған мәжілістер соның айғағы. Тек соңғы екі айдың жүзінде‑ақ Астана он бес мыңға тақау қадірлі қонақтарды қабылдапты. Бұған ресми сапармен келіп-кетіп жатқан жоғары лауазымды тұлғалардың жұмыс бабындағы табан тіреулерін қоспасаңыз да болады. Биылғы IV Астаналық экономикалық форумның жұмысында экономиканың элитасы саналатын сарапшылар, Нобель сыйлығының дүлділдері Астанаға ат басын тіреді. Дүниежүзілік қазақтардың кезекті құрылтайында шеттегі қандастар, әсіресе жырақта бүршік атқан жас өрендер келіп, Атажұрты, ата қонысындағы бас қалаға қарап марқайып қайтты. Еуропа қайта құру және даму банкін басқарушылардың 20-шы жылсайынғы мәжілісін өткізу мерейі де Астананың бағына бұйырды. Мәжіліске қатысушылардың дені шетелдіктер. Сосын 7-ші Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумы, ШЫҰ мерейтойлық Саммиті, Ислам Ынтымақтастық ұйымы СІМ кеңесінің кезекті сессиясында да елдің елордасының аяғын нық басқан қадамы әлемге әйгіленді. Бұл Астана туралы ауыз толтырып айтуға тиісті, мақтанышпен мәлімдеуге болатын жетістіктеріміз. Бір сөзбен айтқанда Астана қазақ даласының ғана емес, өңірдің беделін алға сүйреп келеді. Халықаралық деңгейдегі басқосулардың алдағы уақытта да өткізілуі елорданың даңқын да арттыра түспек. Ендеше 13-ақ жасқа жаңа жеткен Астананың қандай құдыреті бар? Соған бір сәт үңілсек.

Халықаралық маңызды жиындар орталығына айналған Астана туралы айтқанда ең алдымен мынаны есте ұстауымыз керек: әлемдік шаралар бастамасын өткізуді алдымен сол елдің өзі көтереді. Сосын басқалары соны құптаса болады, құптамаса ол жағы белгілі. Осы ретте ең алдымен Елорда ТМД аумағындағы осы заманғы архитектураның тамаша үлгісі бола алған қала екендігін айтуымыз керек. Өйткені, Астананың үлкен жетістігі жай ғана бас қала болып қалуында емес, қазіргі заманғы сәулет өнерінің жауһарларын тұла бойына сіңіре білуінде болып табылады. Әуелден астаналық іргесі солай қаланған қала. Өйткені, бүгінгі Астананы араласыңыз архитектураның көптеген стилдерін табасыз. Еуропалық стиль де, шығыс стилі, абстракционизм де, сәулет туындысының осы заманғы үлгілерінің бәрін де елордадан табуға болады. Бір сөзбен айтқанда, он жыл ішінде Астана сәулет өнерінің ғажайыбына айналды. Сондықтан да, елордаға АҚШ-ты да, Еуропаны да, Азия мен Африканы да ұялмай шақыруға болады. Қарапайым мысал, үй иесі қонақ шақыру үшін де оған белгілі бір жағдайының болғаны ләзім. Үйі сыпырулы ғана емес, сырт көз сыншыны сәнімен де мойындатуы керек. Сол секілді Астана да кез-келген деңгейдегі халықаралық жиынды ұялмай шақыратын архитектуралық тамаша қала болғандығынан халықаралық бастамалар құпталып жатыр, деп білеміз.

Екінші мәселе - Қазақстанның қазіргі жүргізіп отырған саясатының дұрыстығы. ЕҚЫҰ-ның Астана саммитін де, ИЫҰ-ның конференциясын да, басқа да үлкен жиынды өткізіп жатқанымыз Қазақстанға деген шет мемлекеттердің, әлемдік қауымдастықтың сенімін білдіреді әрі бұл сенім өңірдегі басқа елдерге қарағанда ресми Астанада зор. Қазақстанның кез-келген мәселе бойынша мықты ұстанымы баршылық, ал ондай саяси ұстаным халықаралық қауымдастық тарапынан танылған әрі жоғары деңгейлі көпшілік мойындаған ұстанымдармен көп үйлеседі.

Астананың халықаралық маңызды шаралар орталығына айналудағы үшінші маңызды мәселе - Қазақстандағы тыныштық. Шындығына айтайық қазір әлемде тыныштық жоқ. Оның ішінде Орталық Азиядағы ең қауіпсіз әрі ең саяси тұрақты ел Қазақстан. Өңірдегі өзінің ішкі тұтастығын, тұрақтылығы мен тыныштығын сақтап отырған бірден-бір ел - Қазақстан. Тіпті бұған дейін қол жеткен жетістіктердің өзі де тыныштықтың, тұрақтылықтың арқасында. Дегенмен, тыныштық пен тұрақтылықты біз қайта-қайта айтатын 130 диаспораның тату тұратындығымен ғана салыстыруа болмайды. Мәселен, моноұлтты бола тұра, тыныштығы қашып, қажыған елдер де баршылық. Сондықтан да, Қазақстанның қазіргі ұстанып отырған саяси экономикалық, рухани, әлеуметтік бағыты дұрыс деген сөз. Әрі бұл бағыт көп жағдайда халықаралық қауымдастықпен құпталады. Соны әлем мойындады.

Төртіншіден - Астана жаһанға ашық болды. Ресми Астана әу бастан-ақ өзіне ашық саясат ұстанды. Елдегі реформалар да осындай ашық ұстанғанның арқасында өрбіді. Бүркене қымтанғаннан гөрі, ашық ықпалдастықтан ұтарымыз көп екенін енді түсінгендейміз. Сондықтан да, Қазақстан өзін қайсыбір көрсеткіштер бойынша Орталық Азиядағы көршілестерімен емес, өркендеуден алдыға кеткен Еуропа елдерімен салыстыра қарайтын дәрежеге жетті. Батыл қадам жасап, соның пайдасын көрді. Бұрын Қазақстанға көзінің қиығымен қарайтындар, енді елімізден үйренетіндері бар екенін де мойындап отыр. Ал ашық қоғамсыз сол болар ма? Расында, қазірга заман талабына сәйкес әлеммен үндесетін тамырласатын болсақ, онда қорқыныш болмауы керек. Әрине, жаһандық идеялардың да, жаһандық мәдениеттің де зардаптары болуы мүмкін. Бірақ оның пайдасы да көп. Сол пайдасын сіңіру, залалынан, зиянынан жирену үшін де ашық шығып, ашық пікір алмасу керек. Тартысып өмір сүру, ненің зиянды екенін біліп зиянсызын ысырып, қажетін таңдап алу - Астананың ұстанымы осы болды.

Бесіншіден - Қазақстанда халықаралық деңгейде ойлай алатын, халықаралық деңгейде мәселе қоя алатын, әлемдік деңгейдегі өткір проблемаларды талқылай алатын ұлттық элита қалыптасты. Олар ауқымы жағынан, білім мен көрегендігі жағынан Еуропаның жұрт тамсанатын сарапшыларынан кем емес. Кез келген мәселеде тең отырып сөйлесе алатын азаматтар баршылық. Астананың азаматтары жоғары деңгейде идея айта алады һәм өзінің идеясын да жоғары деңгейде қорғай алады. Қазақстанда осындай толқын қалыптасып үлгерді әрі олардың басым бөлігі Астанада жиналады. Оның бір ғана мысалы күні кеше Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевты БҰҰ Бас хатшысы аттай қалап, өзіне орынбасарлыққа тағайындады. Қарусыздануға қатысты үлкен халлықаралық ұйымның тізгінін де Қасым-Жомарт Кемелұлының қолына өткізіп берді. Басқамен ғана емес, Еуропамен тереземіз тең, деген міне, осы. Қазақстанның Астанасы, мінеки осындай мектептен өтті. Өтіп қана қойған жоқ, өзі де басқа үшін мектепке айналды. ЕҚЫҰ саммитінде Елбасы Н. Назарбаевтың бастамасымен қаншама идеялар айтылды. ИЫҰ арқылы нешеме мәселелер көлденең тартылды. Әлемдік маңызы зор идеялардың бәрі бірден орындалмаса да біртіндеп жүзеге асатынына сенім мол. Өйткені, идеяларды әлемнің беделді тұлғалары мойындап, қолдау жасады. Сондықтан да, Астана халықаралық деңгейде, заман талабына сай дамып келеді деген тұжырым жасауға әбден болады. Кейбіреулер «16 млн.-нан жаңа асқанбыз, дүйім дүниеге кеңінен құлаш ұру неге керек» дегенді айтып қалады. Бұнда мәселе халықтың аз-көптігінде болмаса керек-ті. Мәселе, халықтың жаңа заманмен тез үндесіп, тез бейімделуінде. Бізден бұрынғы идеяларды бойына сіңіріп, қорытып, оны қайтадан шыққан жеріне түрлендіріп беретін деңгейге жету Тәуелсіздік алғанына 20 жыл ғана толатын, Астанасының салынғанына 13 жыл ғана болатын қазақ елі үшін аса маңызды. Сондықтан да, Астана осы жетістігімен тоқтамақ емес. Бас қала сәулеті жағынан әлі де дамиды. Көптеген стилдерді меңгерген, оны өзіне сіңірген астананың ендігі бағыты ұлттық сипатта болмақ. Өйткені, әлемдік өнер тұлғаларымен таласа алатын қазақ сәулетшілері осы заманғы талапты ұлттық талаппен ұштастыра алатын деңгейге жетті. Ендеше бүгінімен-ақ маңызды межені бағындырған Астананың ертеңі де баянды болатынына сенім мол.