Халықаралық сарапшылар Алматы облысындағы әйелдер колониясының еңбек ұжымын ең үздік компания деп бағалады
АСТАНА. 11 қазан. ҚазАқпарат /Ғалымжан Хасенов/ - Халықаралық іскерлік кеңес пен Бизнестің жоғары Женева институты соңғы екі жылдағы жұмыстарының қорытындысы бойынша Алматы облысындағы әйелдер колониясының «Еңбек-Жауғашты» еңбек ұжымын ең үздік компания деп бағалады.
Бұл туралы ақпарат «Еңбек-Жауғашты» республикалық мемлекеттік кәсіпорнынан келіп түсті.
«Еңбек-Жауғашты» РМК директоры Жұлдыз Баймұратованың айтуынша, бұл ұжымда шығарылатын өнім көлемі жыл сайын артып отырғандықтан өндіріс халықаралық бағаға ие болды. Мысалға, шебер қыз-келіншектер құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін кез келген форманы тігіп шығарады. Бүгінгі таңда олар теміржол саласындағы қызметкерлер, медицина мамандарына арналған киімдермен қатар төсек-орын жабдықтарын тігеді.
Дегенмен, өнімнің жақсы қарыштап отырғанына қарамастан, шешілмеген мәселелер де бар, дейді Ж.Баймұратова. «Жауғашты-Еңбек» ұжымына тендерге қатысуда көп қиындық кездеседі. Негізінде жеке кәсіпкерлер ұтып алып жатады. Сонымен қатар тігілген өнімге деген сұраныстың аздығы де кейде қолбайлау болатын көрінеді.