Халықаралық сәулет жобалары байқауында қазақстандық студенттер командасы жеңіске жетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада энергия тиімділігі жоғары ғимараттарға арналған студенттік жобалардың 11-халықаралық байқауы аяқталды. Бұл туралы «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ баспасөз қызметінен хабарлады.
None
None

Байқауды соңғы он бір жыл қатарынан Saint-Gobain компаниясы жыл сайын өткізіп келеді. Әлемнің 20 елінен қатысқан болашақ сәулетшілер «ЭКСПО-2017» көрмесінің аумағында салынатын энергия тиімділігі жоғары тұрғын кешендердің жобаларын ұсынды.

Байқау мақсаты - энергия тиімділігі жоғары құрылыс идеяларын кеңінен тарату және құрылыс саласына талантты жас мамандарды тарту. Биылғы жыл байқаудың тақырыбы «Суық климатқа арналған тұрғын квартал - Астана, Қазақстан» деп аталды. Байқау тапсырмасы «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясымен тығыз ынтымақтаса отырып дайындалды.

«Байқауда қызықты жұмыстар өте көп болды, ең үздік сәулетшілер мен энергия тиімділігі жоғары технологиялар саласындағы мамандар кірген кәсіби қазылар алқасына үздік жұмыстарды таңдап алу қиынға соқты. Нәтижесінде құрамына Руслан Абельдинов, Валерия Сидоренко және Иван Шредер кірген Қазақстан командасы бірінші орынды иеленді. Таңдаудың осы командаға түсіп тұрғанының себебін түсіндіру оңай: қазақстандық жастардың жұмысы энергия тиімділігі жоғары технологияларды қолдану, сан-алуан жайлы жағдайлармен қамтамасыз ету жағынан барынша үйлестірілген, байқаудың барлық талаптарына жауап беретін жоба ретінде мойындалды», - деп атап өтті «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының сәулет-құрылыс департаментінің бас менеджері Зәуре Айтаева.

Жеңімпаздар болса, өз кезегінде, осы байқау үшін көп уақыт жұмсап, қажырлы еңбек ету қажет болғанын айтуда. Жеңіп шыққан студенттердің екеуі Германияда оқығандықтан, оларға қашықтықтан жұмыс жасауға тура келгенін атап өту қажет.

«Біз байқауға жарты жылдан астам уақыт дайындалдық. Осы жеңіске жету үшін бірлесе күш салып, уақыт бөліп, талай тер төктік. Біздің мақсатымыз жобаны көрікті ғана емес, сонымен бірге, қарапайым әрі қолжетімді ету болды. Жобалау кезінде біз ЭКСПО-2017 көрмесінің басты павильоны - Сфераны басты назарда ұстадық. Біз тұрғын кешенді жайлы, ыңғайлы әрі көп міндеттерді атқара алатын ғимарат етіп жасағымыз келді. Салған еңбегіміз ақталып отырғандығына және басқа қатысушылардың жұмыстарынан еш кем түспейтін жобаны өмірге әкеліп отырғанымызға біз қуаныштымыз», - деді жеңімпаздар командасының мүшесі Валерия Сидоренко. Екінші орынды Францияның студенттері, үшінші орынды Румынияның қатысушылары иеленді.

ЭКСПО-2017 көрмесінің «Болашақ энергиясы» атты тақырыбына сәйкес байқауға қатысушыларға тұрғын кешеннің ішіне кіретін бір ғимараттың егжей-тегжейлі үлгісін жасай отырып, экологиялық жағынан дұрыс ойластырылған тұрғын кварталдың сәулет жобасын жасау ұсынылды. Студенттер өз жұмыстарында Астананың қатты континенттік климаттық жағдайы мен аймақтық ерекшеліктерін ескеруі тиіс болды. Сондай-ақ, ғимаратты жобалау кезінде студенттер «Көптеген мүмкіндіктері бар жайлы үй» деген атауға ие болған Saint-Gobain компаниясының Дармштадт қаласындағы Пассивті үй институтымен бірлесе әзірлеген энергия тиімділігі жоғары құрылыс технологиясын қолданды.

Тұрғын кешен ЭКСПО-2017 көрмесі аяқталғаннан кейін көмірқышқыл газының шығарылуын азайтатын және тұрғындарды жоғары деңгейдегі жайлы жағдаймен қамтамасыз ететін энергия тиімділігі жоғары құрылыс материалдарын қолдана отырып көрме аумағында салынатын болады.

Соңғы жаңалықтар