Халықаралық статистикалық ұйымдар Қазақстанның статистикалық қызметіне баға берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық статистикалық үш ұйым - Еуропалық экономикалық комиссия, Еуропалық еркін сауда қауымдастығы және Еуростат ҚР ҰЭМ-нің статистика қызметіне бақылау жүргізіп, нәтижесін жария етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
None
None

Жаһандық бағалау Статистика комитетінің сұрауымен 2016 жылдың қазан айы мен 2017 жылдың наурыз айында жүргізілген. БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының маманы Стивен Вейл бүгінгі баспасөз мәслихатында Қазақстанның статистикалық қызметін алты білікті маманның жүргізгенін атап өтті. Оның айтуынша, жаһандық бағалаудың мақсаты - белгілі бір уақытта белгілі бір елдің ахуалына қатысты аймақтық статистикаға баға беру. Осы талдау арқылы мемлекеттер экономикалық әлеуетін сараптап, келешекте жоспармен жұмыс атқаруға мүмкіндік ала алады. Үш халықаралық ұйым Қазақстанның статистика қызметіне соңғы рет 2008 жылы талдау жүргізген.

«2008 жылдан бері статистика қызметі біршама жақсарып қалғанын байқадық. Мамандардың кәсібилігін ерекше атап өткім келеді. Сондай-ақ, құқықтық құрылымдардың жұмысы жақсарған. Қазақстандағы статистика туралы заң халықаралық деңгейге жақындап, мемлекеттік органдар статистикалық көрсеткіштерге жиі сүйеніп келеді. Статистикалық құжаттардың да шымырлығын байқаймыз. Барлық саласына халықаралық тәжірибе енгізілуде.Қазақстанның статистикасы өзге елдермен теңесіп келе жатқанын көрдік», - дейді Стивен Вейл.

Халықаралық комиссия маманы жетістіктермен бірге статистика қызметінің толықтырар тұсын да атап өтті. Оның сөзіне құлақ түрсек, ең алдымен Қазақстанның статистика қызметі кәсіби тәуелсіздікке қол жеткізуі керек.

«Халықаралық статистиканың ресми қағидаттарына сай, статистика тәуелсіз болу керек. Мұндағы статистика қызметінің ҚР ҰЭМ құрамына қарағанын білемін. Бірақ, толық ашықтық үшін тәуелсіз агенттік құруға кеңес береміз. Сондай-ақ, құқықтық құрылымның жақсаруы бойынша кеңестер бердік. Статистика бойынша қосымша кадрларды даярлауды ұсынамыз», - дейді шетелдік маман.

Қазақстанның статистика қызметіне осы мазмұндағы 100-ге жуық кеңес берілген. Сөзін түйіндей келе Стивен Вейл мұндай талдау жұмыстары 2008 жылдан бері Армения, Әзербайжан, Моңғолия, Украина, Беларусь, Грузия елдеріне жүргізілгенін, Қазақстанның көрсеткіші аталған елдерге ұқсас екенін жеткізді. Сонымен қатар, баспасөз мәслихатында «Экономикалық зерттеу институты» АҚ мен ҚР Қаржы министрлігінің өкілдері ҚР Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетіне өз ұсыныстарын жолдады. 

Соңғы жаңалықтар