Халыққа қызмет көрсету орталығының жедел тобына жаңа автокөліктер табыс етілді - БҚО
ОРАЛ. 18 қаңтар. ҚазАқпарат - «Халыққа қызмет көрсету орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны жедел топ үшін облыстық халыққа қызмет көрсету орталығына жол талғамайтын су жаңа «Sayeng Kairen» және бір «Нива» автокөлігін берді. 18 қаңтар күні халыққа қызмет көрсету орталығында осы автокөліктерді тапсыру салтанаты болды.
Орталық директоры Мерген Анарбектің айтуынша, бұл автокөліктермен жедел топ облыстың шалғайдағы елді мекендер тұрғындарына қызмет көрсететін болады. Жедел топ қажетті жаңа техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қарапайым тілмен айтқанда, төлқұжатқа суретке түсіретін камера, компьютер, құжаттарды көшіретін ксерокопия, сканер, тағы басқа жабдықтар бар. Таяу уақытта спутниктік байланыс орнатылады. Сол кезде облыстың кез келген жерінен тиісті құжаттарды облысқа, Астанаға жібере алады. Арнайы жасақталған жедел топ шалғай елді мекен тұрғындарына облыстағы, аудандардағы орталықтарда көрсетілетін қызметтің барлық түрін көрсетеді. Тағы бір ерекшелігі, тұрғындарға қажетті құжаттарды өздері дайындап, апарып береді. Яғни енді тұрғындар қажетті құжат үшін ауданға немесе облыс орталығына келмейді.
Аталмыш автокөліктер сол бойда Теректі, Зеленов және Жәнібек аудандарына жол тартты. Жедел топ облыс аумағындағы барлық елді мекендерді қамтиды. Бұл шара арнайы жасақталған кестеге сәйкес үнемі жүргізілетін болады.