Халықты көкөніспен қамтудағы отандық өнімнің үлесі 10-12 пайызға жеткізілді

АҚТАУ. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Өткен жылы көкөніс-бақша дақылдарын егуге 1053 гектар суармалы жер игеріліп, барлығы 9,5 мың тонна өнім алынды, облыс халқын көкөніспен қамтудағы отандық өнімнің үлесі 10-12 пайызға жеткізілді. Бақша өнімдеріне деген қажеттілік толықтай қамтамасыз етілді,

Халықты көкөніспен қамтудағы отандық өнімнің үлесі 10-12 пайызға жеткізілді
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ауылшаруашылығы басқармасына сілтеме жасап. Былтыр тамшылата суару жүйесін пайдаланудан алған нәтижелер жаман емес. Шығымдылық 20-25 пайызға артқан. Алайда, аудан, қала әкімдіктерінің тарапынан жеткілікті дәрежеде ұйымдастыру жұмыстарының жүргізілмеуінен, аймақта белгіленген 59 гектар жерде пайдалануға тиісті тамшылата суару жүйесінің құрал-жабдықтары Мұнайлы ауданының «Мұрабек» шаруа қожалығының 4 гектар, Түпқараған ауданының «Қарағантүбек» ЖШС-нің 5 гектар жерінде күні бүгінге дейін іске қосылмай тұр. Өткен жылы республикалық бюджеттен дақылдардың шығымдылығы мен сапасын арттыруға қолдау көрсетуге 7 млн. теңге, суару суын жеткізу құнын арзандатуға 3 млн. теңге бөлінді. Облыс халқын қыс пен көктем айларында көкөніс өнімдерімен қамтуда жылыжай шаруашылығы айрықша орын алады. Осы бағытта Ақтау қаласында «Кайком-Агро» (4 га) және «Сұлтан-Агро» ЖШС-тері (0,8 га) гидропоникалық әдіспен жылыжайда көкөніс өсіріп, халықты қияр, қызанақ сияқты көкөніспен қамтамасыз етіп келеді. 2008 жылы егін шаруашылығы субъектілеріне «Маңғыстауагросервис» МКК арқылы 5 млн. теңгеге тыңайтқыштар, 90 млн. теңгеге қажетті материалдар тауарлы несие түрінде берілді. Биыл көкөніс өнімдерінің көлемін көбейту мақсатында игерілетін жер көлемін 1200 гектарға жеткізу, тамшылата суару әдісінің қолданылуын 52 гектардан 130 гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Сонымен қатар жылыжай шаруашылығының көлемін 7 гектарға дейін кеңейту, кәсіпкерлерге қолдау көрсете отырып, егін шаруашылығы өнімдерін өңдейтін және ұқсататын шағын цехтарды іске қосу да басты міндеттер болып табылады. Осы мақсаттарға 2009 жылы республикалық бюджеттен 25 млн. теңге бөлу көзделген.