«Халықты қырған «Мырзажан» құрметтеуге лайық тұлға ма?»- БАҚ-қа шолу
АСТАНА. 8 ақпан. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 8 ақпан, жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Елбасы жыл сайынғы Жолдауында тұрғын үй құрылысын дамытудың бағытын айқындап, басымдығын нақтылап, бұл сала қызметкерлеріне салмақты міндет жүктеп келеді. Баспананың өзектілігін жоймай, күн тәртібіндегі басты мәселелердің қатарында тұрғаны да баршаға аян. Ал былтыр қабылданған «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы көптеген адамның үмітіне жан бітіргені сөзсіз. Осы мәселеге орай «Егемен Қазақстан» газеті Жылжымайтын мүлік қорының басқарма төрағасы Болат Палымбетовпен сұхбат жариялады. Басылымның барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Алматы облысында құрылыс басталып та кетті, «Асыл Арман» тұрғын үй кешені - ортаңғы сыныптағы тұрғын үй. Жобадағы біздің үлесіміз 80% - шамамен 120 мың ш.м. Пәтерлердің жалпы саны - 2376. Ақтөбе мен Ақтауда да жұмыс жасап жатырмыз. Біз тек Алматы, Астанамен ғана шектеліп қалмай, бүкіл Қазақстан аумағында жұмыс істеуге ниеттіміз. Бүгінде бағдарлама жүріп жатыр, әрине, проблемалар да жетеді. Осы жерде айта кететіні, баспана бағасы мен баспана қолжетімділігі дегеніміз екі түрлі мәселе, оларды айыра білу қажет. Баспана әр азаматтың іргелі активі екені түсінікті, сондықтан ол арзан бола алмайды. Ал баспананың қолжетімділігі - бұл түрлі тетіктер: ипотека, мемлекеттік жәрдемақы, сатып алу құқығымен жалдау және т.б.», - дейді. Сұхбат «Баспаналы болудың жолдары қандай?» деген тақырыппен берілген.
Осы басылымның жазуынша, кеше Премьер-Министр Серік Ахметовтің қатысуымен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ пен оның еншілес компанияларының 2012 жылғы жұмыс қорытындылары және 2013 жылға алға қойған міндеттері бойынша кеңейтілген мәжіліс өтті. Онда негізгі баяндаманы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев жасады. «2012 жыл Қор үшін күрделі, бірақ жалпы алғанда, табыстары мол жыл болды. Бірқатар жүйелі мәселелер шешілді. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры туралы жаңа редакциядағы заң қабылданды. Бұл компаниялар тобының тіршілігіне түбегейлі өзгерістер енгізеді», - депті қордың басқарма төрағасы. Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» өзгелерге үлгі болуы тиіс» деген тақырыппен берілген мақалада қордың шоғырландырылған таза активтері (меншік капиталы) 6,1 триллион теңге мөлшерінде бағаланғандығы, ол бір жыл бұрынғы деңгейден 8 пайызға артық екендігі баяндалған.
***
Кеше Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі: «2012 жылдың қыркүйегінде Солтүстік Қазақстан облысының «Леонов» ШҚ және «Полтавское» ЖШС-ға Австриядан 722 бас ірі қара мал әкелінді. Әкелінген мал ветеринарлық талаптарға сай карантинге алынды. Австриядан әкелінген 722 бас мүйізді ірі қара мал (ІҚМ) оларда анықталған диарея вирусына байланысты жойылатын болды», деген ақпарат таратқан болатын. Осы жайтты арқау еткен мақала «Айқын» газетінде «Осыдан кейін де министр Мамытбеков орнында отыра бере ме?» деген тақырыппен жарияланды. «Мәссаған, безгелдек!» деп безек қаққан бір адам жоқ. Мемлекет қаржысына миллиондаған долларға мал сатып алынады. Ауыл шаруашылығы министрлігі сонша ақшаға келген малды ауру деп тауып, «өйтіп қалды, бүйтіп қалды» деп жуып шаяды. Барлық төлімен бірге жою деген сөз, ол төл мен төлдеген сиырлардың да көзі құртылады деген емей, немене?!», - деп жазады басылым.
«Алаштың арманы болған «азаттық» алаш қайраткерлерінің түбіне жетіп, елді ұлттың серкелерінен айырды. «Кеңестер одағының саясаты Алаштың азаттығын аңсаған қайраткерлерімізді қырып салды» деп келдік. Осындай тарихи шындықты ғалымдарымыз шаң басқан мұрағаттардан аршып алып жатыр. Кезінде «Аса құпия» деген таңбамен келіп, «республика бойынша ... еркек, ... әйел адам атып тасталсын» деген хаттар болған ... Қазақ халқының қаймағын қалқып алған Мирзоян-Сталин тандемінің құпиясын мына құжат дәлелдейді», - деп жазады «Айқын» газеті. Толығырақ «Халықты қырған «Мырзажан» құрметтеуге лайық тұлға ма?» деген тақырыптағы мақаладан оқи аласыздар.
***
«Алаш айнасы» газетінің бүгінгі нөмірінің алғашқы бетіндегі «Делдалдар балық шаруашылығын тұралатып тұр» деген мақалада қызылордалық тілші жаңа ғасырдың бастапқы кезеңінде мемлекеттің, Елбасының саясатының арқасында арнасы қайтадан суға толған Арал теңізіндегі шикізат көзін іргедегі кәсіпорындардың қызығын көре алмай отырғандығын қынжыла жазады. Бұл өңірде индустрияландыру картасы негізінде балық өндіретін жаңа кәсіпорын да ашылған екен. Бірақ шикізат тапшылығынан бұл кәсіпорын толыққанды қуатымен жұмыс істей алмауда. Өйткені бұл арадағы барлық мәселе көтерме саудамен бүткіл ауланған балықты жергіліктілерге бұйыртпай сыртқа алып кететін делдалдарда болып тұр. Мамандар: «бұрын ауланған балық есептеліп отыратын. Бұл салада арнайы мекеме бар еді. Барлығы шотқа қағылатын. Өкінішке қарай, қазір мұндай жүйе жоқ, салдары балық өнімін өндіретін жергілікті кәсіпорындардың маңдайына тас болып тиіп тұр», - дейді.
Ал осы басылымның тұрақты - «Ой-көкпар» айдарында «Жанармай стансаларын қаланың сыртына шығару керек деген ұсыныс негізді ме?» деген сауал талқыға түскен. Техника ғылымының докторы, профессор Тоқтамыс Меңдебаев: «Ондай стансалардан келетін зардап орасан. Экологиялық жағынан айтсақ, басым бөлігі экосанитарлық жағынан барлық нормаға қайшы. Жанар-жағармайлар су ұңғылары арқылы жерасты суларына қосылып жатыр. Бұл жала емес, дәлелдей алатын фактілер жетерлік. Ауаны ластап жатқаны өз алдына бөлек әңгіме. Өздеріңіз білесіздер, Алматы қаласының «тынысы онсыз да тарылып» барады. Оны ластап жатқан біріншіден, автокөліктер, оған жанар-жағармай стансалары да өз үлестерін қосуда», - десе, техника ғылымының докторы Әбді Қиялбаев: «Мен жанармай стансаларын қаланың сыртына шығару керек деген ұсыныс негізді дер едім. Бірақ, мәселен, Германия мен Ресейдің ірі қалаларындағы автожол торабын біздің Алматымен тіпті салыстыруға да келмейді. Оларда қала сыртына қатынайтын жолдардың «тігісі әлдеқашан жатқызылған». Былайша айтқанда, көлік құралдарының қалаға кіріп-шығуы өте ыңғайлы, жолдарының бір-бірімен жалғасуында еш мін жоқ. Ал бізде Алматыдан сыртқа шығатын жол бірнешеу ғана. Егер барлық жанар-жағармай стансаларын қала сыртына шығарсақ, кептелістің нағаз көкесін сонда көреміз. Сондықтан мұндай шараны қазір қолға алуға ерте», - дейді.
***
«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Ресей Федерациясына келді», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Басылымның атап өтуінше, сапар барысында Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен екіжақты кездесу жоспарланған. Онда сауда-экономикалық ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ пен Бірыңғай экономикалық кеңістік аясындағы өзара іс-қимыл жайы талқыланатын болады.