Халықтың денсаулығының есебінен қалта толтырушыларға тыйым бола ма?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде насыбайды табыс көзіне айналдырғандар көп. Оның зияны туралы қанша айтылып, жазылып жүрсе де құлақ асқан пендені байқамайсың.

Халықтың денсаулығының есебінен қалта толтырушыларға тыйым бола ма?

Ал болашағын, жас ұрпағының денсаулығын ойлаған көрші мемлекеттердің тірлігі мүлдем басқа. Мысалы, Түркіменстан 2008 жылы-ақ насыбай атуға қатаң тыйым салған. Ресей де насыбайды тұтынуға, оны сырттан әкелуге, сатуға қарсылық білдірген. Қырғызстан да қарап отырмаған сыңайлы. Ал біздің ел ше? Әйтеуір естеріне түсіп кеткенде немесе жұмыс жасап жатқан кейіп таныту үшін ғана насыбай сатуға тыйым салғансып қояды. Содан болар, нақты нәтиже әлі байқалар емес.

Базардағы саудагерлер күніне насыбайдан 6-7 мың теңге пайда түсіреді екен. Әрине, кімнің қанша пайда тапқанында жұмысымыз жоқ. Дегенмен, біздің денсаулығымыздың есебінен қалта толтырып отырғандарға қандай да бір тосқауылдың қойылуы керек-ақ.

Бұлай дабыл қағуымыздың жөні бар. Ертеректе насыбай атуды тек қарттар ғана ермек еткен. Енді ол мұрты жаңа тебіндеп келе жатқан бозбалалардың да ермегіне айналыпты. Тіпті, қоғамда «насыбай атқан адам ауырмайды» деген сорақы пікір де қалыптасқан.

Ақ желеңді абзал жандар насыбайдың адам денсаулығына зияндығын, насыбай ататын адамдардың алуан түрлі ауруға шалдығатынын, айықпас дертке ұшырап, соңында көз жұматынын айтудай-ақ айтып жүр. Өйткені, соңғы уақытта насыбай атудан ауыз қуысы мен еріннің обыр ауруына шалдығу деректері жиілеп кеткен. Бір таңданарлығы, насыбай атушылар өздері қолданып жүрген насыбайдың құрамына мүлде назар аудармайды. Егер көз жүгіртсе, оған қайта жолай қоюы екіталай еді. Мысалы, сарапшы мамандар сатылымдағы насыбайдың құрамын тексергенде одан темекі, улы әк тас, жануарлардың нәжістері мен басқа да зиянды заттардың молдығын анықтаған. Қырғыз дәрігерлері зерттеу жүргізе келіп насыбайдың ішкі секрециялық бездерді қабындырып, ерлерді белсіздікке ұрындыратынын ашына айтып отыр.

Сатушы Әлима есімді кейуананың айтуынша, насыбайға тауықтың саңғырығын, әктің суын, қара ағаштың шайырын немесе күш беру үшін аршаның күлін қосатынын, соңғысын таппаған жағдайда оны түйенің қиымен алмастыратын естігенін жасырмайды. «Олай болса мұндай залалды дүниені неге саудалайсыз?» деген сауалға сатушының жауабы болмады.

Адам жанының арашасысы атанғандар насыбай ату қан қысымын көтеріп, ұйқыны қашырады дегенді айтады. Сонымен қатар насыбайды үнемі пайдаланудан адамның жасы қысқарады, ауыз қуысы, ас қорыту жүйесі қатерлі ісікке ұшырайды. Адамның өмір сүруге, еңбек етуге, отбасын асырауға деген ынта-ықыласы кемиді. Әйелдер насыбай атса, іштегі баланың денсаулығына зияны тиеді, тыныс алу жолдары қабынады.

Республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-тәжірибелік орталығының бөлім меңгерушісі Бақытжан Нұрәлиев Қазақстанда мемлекеттік органдардың қадағалауынан тыс қалған және халықарлық аурулар классификациясына жатпайтын, өте күшті психикалық әсер беретін, иіскеуге, шайнауға арналған түрлі қоспалардың пайда болғанын, олар бас миын семдіріп, ес ауыстыратын қасиеттерге ие екендігін және мұндай қауіпті заттардың қара базарда емін-еркін сатылып жатқанын ашына айтты. Ал Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі Мұрат Қайбаров: «Қазіргі кезде жыл сайын елімізде 800 адам ауыз қуысы обырымен тіркеуге алынады. Темекіні тастау үшін насыбай ату тығырықтан шығатын жол емес. Оның да құрамында түрлі улы канцерогендер бар. Оның зияны темекіден көп болмаса, кем түспейді. Темекі шегу өкпе рагін қоздырса, насыбайды қолдану ұйқы безінің обырына әкеп соқтырады», - дейді ашынып.

Ендеше, ағзаға осыншама зиян әкелетін насыбайды саудалауға тыйым салатын кез жетті. Онымен күрес сөз жүзінде қалмауы керек. Елдегі қатерлі дерттердің алдын алғымыз келсе насыбай өндірушілерге де, сатушыларға да, пайдаланушыларға да тосқауыл қоюды кейінге қалдыруға болмайды.